Көптен күткен кездесу
Көптен күткен кездесу

    

Күллі мұсылман жұртының ардақ тұтар анасы Хадиша (р.а) анамыз

                                               (Жалғасы. Басы өткен жазбаларда)

                                          Көптен күткен кездесу

 

    Хз. Хадиша анамыз (р.а) өте бай әрі төңірегіндегілерге сыйлы, құрметті  әйел болатын. Негізгі айналысатын кәсібі сауда болғандықтан қыс және жаз мезгілдерінде Шам, Иемен өлкелеріне сауда керуендерін жөнелтіп өзі секілді саудагерлермен де бірігіп жұмыс жасап жүретін. Надандық дәуірінде әйел адам төмен, қор саналғандықтан олар үшін алыс өлкелерге сауда-саттықпен сапар шегу өте қауіпті еді. Сондықтан жүк толы керуенін межелі жерге апарып алып келетін сенімді ер адам керек... Осы жағдай ойындағы кісіні әрі ағасы сүйіншілеген соңғы елшіні жақыннан танып-білуге мүмкіндік тудырғандай.

    Сөйтіп ардақты анамыз өз атынан ақы үшін Шам еліне керуендерін апарып саудасын жасап келетін сенімді серіктес іздеп осы ойын елге жария етеді. Алыс сапараға анамыздың аманатын жеткізіп, саудасына ат салысқысы келетін талапкерлердің арасында көптен күткен ізгі жанның болуы әбден мүмкін және бұл жағдай сауда-саттық жұмыстарының бұрынғы қалпын сақтай отырып алға басуына сеп болуы ықтимал.

    Пайғамбарымыздың (с.а.у) көкесі Әбу Талибтің де құлағына аталмыш хабар жеткен-ді. Демек көптен күткен кездесуге де өте жақын қалған еді. Ағасының ұлын осы іске әбден лайық адам деп тауып мүмкіндікті қалт жібергісі келмей інісіне барып былай деді: «Уа бауырым! Өзің білесің менің дәулетім бұрынғыдай тасып жатқан жоқ. Соңғы жылдары басымыздан түрлі қиындықтар өтті. Байлықтың да кәсібіміздің де жағдайы мәз емес. Жақында Шам еліне сауда керуені аттанғалы жатыр. Хадиша да сол көшке өзінің керуендерін қосып жібергісі кеп және сол жауапты іске көмектескісі келетін серіктес іздеуде. Әрине мен сенің Шам еліне баруыңды қатты қаламаймын. Ондағы баз бір адамдардың іштарлықпен саған зиянын тигізуінен қорқамын. Бірақ амал нешік. Шарасыздан осы ұсынысты саған айтуға тура келеді. Егер Хадишаның өтініші тиісінше дәрежеде жақсы орындасаң өзгелерде саған сенім артып болашақта сауда ісінде сенімен бірігіп жұмыс жасағылары келетін болады».

      Әрине бар деп ұсыныс айту оңай болғанмен бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Мәселенің жән-жайын жақсылап білу керек. Дәл сол кездері пайғамбарымызға (с.а.у) анасы жағынан туыс боп келетін Атиқа есімді әйел келіп Хадишаның бір үлкен мәселені шешуге лайықты адам іздеп жүргенін және пайғамбарымызды (с.а.у) сол істі орындауға ең лайықты деп тапқандығын айтқан. Атиқа пайғамбарымызға (с.а.у) анасы жағынан апкесі болып келетін және бір жағынан   хз. Хадиша анамыздың (р.а) туысқан інісі, Зүбәйр ибн Әууәмның әкесі Әууәм ибн Хуайлидке тұрмысқа шыққан болатын. Екі тараптың да лайық көрген адамы Меккедегі ең сенімді, аманатқа берік кісі  пайғамбарымыз (с.а.у) болды.

     Істің салмағы Әбу Тәлибке түсті. Бірақ бәрінен бұрын пайғамбарымыздың (с.а.у) келісімі керек. Өзі жағынан көкесі Хадиша анамыз жағынан Атиқа екі жақтап қолқа салғанда пайғамбарымыз (с.а.у) олардың көңілін жықпастан «жарайды дегендерің болсын» деп жауап қатты.

     Інісінің жауабын ести салып Әбу Тәлиб дереу хз. Хадишаға (р.а) жолығуға асыққан..

   Мақсаты-інісі жайлы хз. Хадишаға (р.а) жеке өзі айтпақшы. Себебі інісі (с.а.у) Меккедегі ең мақтаулы кісі, сондықтан оның еңбегі үшін берілетін сый-сияпаттың да жөні бөлек болуы керек. Хадишаның (р.а) назарын інісінің жақсы қасиеттеріне аударып оның жасаған қызметіне төленетін пұлдың да өзгеге төленетін ақыдан өзгеше болу керектігін ескерту ләзім. Әбу Тәлиб Хз. Хадиша анамыздың (р.а) өзге қызметшілерге қанша ақы төлейтінін білетін. Енді інісіне сол ақының екі есесін сұрамақшы.

  Көп ұзамай Әбу Тәлиб хз. Хадиша (р.а) анамызбен кездесті. Хәл-жағдай сұрасып болған соң екеуі де Шамға аттанар керуен мен пайғамбарымыз (с.а.у) жайлы әңгімені бастап кетті.

   Ардақты анамыздың (р.а) көктен іздегені жерден табылды. Жүк артқан керуеніне сенімді керуенбасы іздегенде адамзаттың мақтаулы тұлғасы жолына кезікті. Иә, ардақты анамыз (р.а) пайғамбарымызға кездесуді іштей қалап жүретін. Себебі пайғамбарымыз (с.а.у) оның Алла тағала түсінде сүйіншілеген сүйікті адамы болуы әбден мүмкін. Жылдар бойы аңсап жүрген арманына жолығу сәті де аз қалды. Адамзат ардақтысының (с.а.у) көрсеткен көмегі үшін бүтіндей мал-мүлкін берсе де оған аз көрінер. Әбу Тәлиб інісін мақтай келе хз. Хадиша анамызға (р.а): «Уа, Хадиша! Бұл іс үшін екі есе ақы төлеуің керек. Себебі менің інімнің атына сырттай қанықсың. Ол Меккедегі ең сенімді адам».

    Абзал анамыз (р.а) біраз ойға шомды. Әлемдегі ең ізгі жан үшін ақының қай түрі де аздық етер. Екі дүниеде де бақыттың есігін ашып берер жан үшін ақы сөз болып па?! Керек болса бар байлығын беруге дайын ғой абзал анамыз. Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасына жолықса әрі оның жанында өткізген әрбір минут оның бар байлығынан да артық емеспе!...Сәл бөгелді де Әбу Тәлибке қарап: «Уа, Әбу Тәлиб! Сен негізінде ақыны дұрыс сұрап отырсың. Мен ақы төлеуге қиналмаймын. Маған десең ол ақыны тағы еселет десең де бәрібір»,-деп жауап қатады. 

     Көп ұзамай Хадиша анамыз (р.а) ең опалы қызметшісі Майсараны дәргейіне алдырады. Әңгіме барысында Майсараға өзінің оған қатты сенім артатынын, қаншама жыл қызметінде жүріп көп жақсылық жасағанын есіне салып, одан соң бір тапсырма беретінін және сол тапсырманы мүлтіксіз орындауын қайта-қайта тапсырады. Айтқалы жатқан өтінішінің өзіне қаншалықты маңызды екенін және          Майсараның бұл шаруада рольі зор екенін де жасырмайды. Адал қызметшісіне жасаған өтініші-Шам сапарында керуен басшысы Абдуллаұлы Мұхаммедті көзден таса қалдырмау, оның не істеп не қойғанын, басынан қандай нәрселер өткергенін дым қалдырмай өзіне хабардар етіп келу.

 

                                                                                                                                          (Жалғасы бар...)

                 Bekir Burak, Hz. Hatice Kadınlık Aleminin Sultanı   Түрік тілінен аударған Роман Бұрқаш

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 лет назад 4087
2 комментария
О блоге
0
20359 161 281 158 165
Прямой эфир