Түс жайлы не білеміз?
Түс жайлы не білеміз?
Күллі мұсылман жұртының ардақ тұтар анасы Хадиша (р.а) анамыз

                                               (Жалғасы. Басы өткен жазбаларда)

                           ИЛӘҺИ ТҮС немесе СҮЙІНШІ

Көп жағдайда адамның көрген түсі ақиқат ұласып жатады. Яғни, адам көрген кейбір түстер  болашақтан хабар беріп, иләһи тылсымнан тартылған бір сүйінші болып есептеледі. Айша анмыздың (р.а) айтуынша Алла елшісінің (с.а.у) көрген түстері таңда атқан күндей ап-анық, айна қатесіз орындалып жататын және көрген түстерінің анық болатыны соншалықты тіпті олар жоруға да мұқтаж емес еді.

Пайғамбарлық уахидің айнымас бір бөлігі болып табылатын түстердің орны арине ерекше. Алла тағала түстер арқылы болашақ пайғамбар қып сайлайтын құлына жақындығын білдіріп, оның (с.а.у) болашақ елші болатындығын иләһи түстер арқылы сүйіншілегендей.

Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасымен өмір жолдарының тоғысатыны іштей сезген Хадиша анамыз да (р.а) ерекше түстер көретін. Осылайша ол да өзіне тән бір иләһи шабытпен болашақта келетін соңғы елшімен түстері арқылы сүйіншіленгендей еді.

Тіпті бір күні түсінде көктен бөлмесіне күн мен айға ұқсайтын жарқыраған нұрдың кіргенін көреді. Әлгі нұр  бөлмені шуаққа бөлеп артынша бүкіл әлемді нұрға бөлеген.

Иә, дәл сол күндері оған түстер қатты әсер еткендігі соншалықты дүниеге қайтадан келгендей болды. Бойын үрей билеп, тылсым жәйттардан шошына бастады. Бірақ... Бірақ бұл көргендерінің бәрі бекер болуы әсте мүмкін емес. Анығында бұл түстердің астарында бір ғажан нәрсе жатқандығы белгілі. Дереу ішкі сезімдерімен бөлісу үшін өмірлік ұстазы әрі туыс ағасы Уарақа ибн Нәуфәлға асықты.

Қарындасының  суыт келгеніне қарап тағы бір нәрсенің болғанын аңдаған Уарақа болған оқиғаны естігенде таңырқағаннан көздері шарасынан шыға жаздады. Бірақ Уарақаға бұл жағдай қалыпты нәрсе болып көрінген. Себебі ол білімділігімен, көрегенділігімен болашақта болатын жәйттарды сезетін ерекше қабілетке ие жан болатын. Жүрегі толқып қарындасына қарап былай деді: «Сүйінші ей қарындасым, сүйінші! Шүбәсәз бұл көрген түстерің Алла тағаланың саған мейірімінің ерекше түскендігінің белгісі деп біл. Көп ұзамай Жаратушы Хақ тағала саған бір сый нәсіп етеді. Арине анығын Алла біледі, бірақ менің ойымша бұл сый пайғамбарлық нұры болуы керек». 

Алғашында сүйінші дегенге қуанғанмен хз. Хадиша анамыз (р.а) ағасының ары қарай айтқанын қатты түсінбей абдырап қалды. Қарындасының сасқанын сезген Уарақа қайта сөз алып: «Жақында арамызға ақырзаман пайғамбары келеді. Бұйырса сен сол пайғамбардың жұбайы атанасың. Бірге өмір сүріп жүргенде оған Хақтан уахи келеді және оның әкелген діні барша адамзатқа ортақ болады. Сенде оған иман еткен алғашқы адамдардың санатынан боласың. Ол пайғамбар Құрайыш руының Хашим ұрпағының арасынан шығады»,-дейді.

Уарақа болашақ пайғамбар қай жерден, тіпті қай рудан шығатынын өте сенімді түрде айтты.  Дәл сондай сенімділікпен түсті жори отырып хз. Хадиша анамыздың (р.а) сол пайғамбармен жақындығын, алдағы уақытта онымен  тағдыр қосатындығын, ол пайғамбардың әкелген діні күллі жаһанға таралатынын және бұл оңайлықпен іске аспайтындығын түсіндіріп берді.

Ардақты анамыздың (р.а) көрген түстері бұнымен шектелмейді. Ол (р.а) пайғамбарымызды (с.а.у) өзге де түстерінде көрген. Тіпті түс былай тұрсын ол күндері Мекке мен Хижаз өңірі соңғы елшінің келуін ишаралайтын өзге де тосын жағдайларды бастан кешіруде еді.

Бір мейрам күні Мекке халқы той тойлап жатқан. Қағбаның төңірегінде Мекке  әйелдері өзара жиналып бір-бірін құттықтап жатыр еді. Хадиша анамызда (р.а)  Қағбаны тауап етіп Рабысынан көрген түстерінің жақсылыққа ұласуын тілеп артынша әйелдер жиналған жерге келіп жетті. Дәл сол кезде әйелдер жиналған жерге бір бейтаныс ер адам келіп тамағын қырынып, даусын қаттырақ шығарып: «Уа, Мекке ханымдары! Уа, Мекке ханымдары!»,  - деп айқайлайды. Араларына келіп, тосыннан айқай салған ер адамға бәрі аңтарыла қарап еді. Сонда бұл бейтаныс адамның не ойлағаны бар екен?... Неліктен тосыннан Мекке әйелдеріне бұлай айтып жатыр?... Сөздерімен тыңдағандардың санасын санға, ойларын онға бөлген бейтаныс жан сөзді ары қарай жалғап: «Шүбәсіз сіздердің өлкелеріңізден өте жақын арада пайғамбар шығады. Оның аты-Ахмет. Егерде араларыңдағы біреуіңізге ол отбасы құрайық деп ұсыныс жасаса ойланбастан «иә» деп жауап қатсын», - дейді. 

Мекке әйелдері бұл адамның айтқандарының біреуін де түсінбеді. Тіпті көбісіне жынданған біреу шығар дегенде ой келді.  Баз біреулері еріндерін шүртитіп «қайдағыны бөспе» дегендей сыңай танытса, біреулері «жынданған бәле»  деп тас лақтырды.

Бұл сөздердің астарына ешкім үңілмесе де бұның бәрі Хадиша анамызға тікелей қатысы бар болатын. Себебі соңғы кездері оның басынан өткерген оқиғалары осыны меңзейді. Иә, басқалай болуы да мүмкін емес. Уақыт өте келе сәуегейдің айтқандары бөлшектелген суреттің қайта құрастырылғанындай орындалып іс жүйесін таба берді.

Айтылғандай-ақ  хз. Хадиша анамыз (р.а) үшін Алла тағала бір жақсылыққа толы жол нәсіп етіп сол жолды пайғамбарымыздың (с.а.у) жолымен түйістіруге аз қалған. Себебі қос тағдыр бір біріне рухани тұрғыдан ұқсас еді. Болашақта келетін күллі адамзат пайғамбарының рухани деңгейіне сай жар керек. Екеуі де адамдардың ең құрметтісі. Екеуі де адамдардың ең абзалы. Сондықтан уақыт өте екі мүбарак жанның өмір жолы бір арнаға тоғысуы тиіс. Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзі де адамдарды кенге теңейтін. Қашанда бағалы асыл тастар өзге тастардан артық саналып қай кезде де өзінің құнын жоғалтпай лайықты орнын табады. Осы ақиқатты кейіннен пайғамбарымыз (с.а.у) надандық дәуірінде жақсылық жолында жарысқандар Ислам діні келген соң да сол адами тұғырда қала береді деп түсіндірген. 

Алла тарапынан келген иләһи белгілерден және көрген түстерін Уарақаның жоруынан кейін ардақты анамыз (р.а) өз қиялындағы сол абзал, парасат пайымы жоғары жанды қашан жолықтырады екенмін деп іштей кездесуді қалап жүретін.

Оның үстіне ол қоғамда адами қасиетке бай адамдар саусақпен санарлықтай ғана еді. Сол үшін ойындағы адамның да кім екені белгілі секілді. Меккеде жоғары адамгершілікке, биік парасатқа ие бір кісінің өзі жорып жүрген адаммен ұқсастықтары көп. Ол заманда адамның бойындағы сенімділік, аманатқа беріктік деген қасиеттер өте жоғары бағаланатын да ал, сол биік адами қасиетке ие Меккеде тек Абдулланың ұлы Мұхаммед (с.а.у) еді. Тіпті осы қасиеті үшін Мекке халқы оны Мұхаммадүл-Әмин яғни сенімді Мұхаммед деп атайтын. Хз. Хадиша анамыз пайғамбарымызды түсінде сүйіншіленген кісіге балап сыртынан бақылап жүретін әрі мүмкіндігінше оның өмірі жайлы көп мейлінше көп білгісі ке тұратын.

(Жалғасы бар...)

Bekir Burak, Hz. Hatice Kadınlık Aleminin Sultanı 

Түрік тілінен аударған Роман Бұрқаш

Пайғамбарымыз (с.а.у), сахабалар, Роман бұрқаш, Хадиша анамыз (р.а), Сахаба аналарымыз
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 5403
2 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165