Арақ адам ағзасына өте зиянды. Ал айран болса өте пайдалы. Бірақ арақтың бағасы айраннан қымбат. Парадокс!
Брилиант секілді асыл тастардың адам өміріне дәл су сияқты пайдасы жоқ. Дегенмен брилиант судан гөрі бағалы болып есептеледі. Парадокс!
Ғалымдардың көбісі белгілі бір саладағы ғылыми жаңалықтарын мүлдем басқа нәрсені ойлап отырып ашқан деседі. Парадокс!
Темекі қорабының сыртындағы оның адам денсаулығына аса қауіпті деген жазуды оқи тұра адамдар темекі түтінін бұрқыратып тұрады. Парадокс!
Көп сөйлейтін адамдардың сөздері көбінесе мәнсіз келеді екен. Парадокс!
Біз адамдарды жақсылыққа шақырып жүріп өзіміз жамандықтан тыйыла алмай жатамыз! Парадокс!
Адам ғұмыры өте қысқа әрі бұл дүние өткінші. Бірақ көп адамдар мына өмірді мәңгілік сүретіндей бейғам. Парадокс!
Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында. Бірақ кейбір адамдар ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жатады. Парадокс!
Негізінде сауапты іс адамды жұмаққа ал күнәлі іс адамды тозаққа апарады. Бірақ адамдардың көбісі күнәлі істерге ұмтылады. Парадокс!
Асылында адам қолындағы барымен, жанындағы жарымен бақытты бола алатын болса да бақытты алыстан іздеп жатады. Парадокс!
Қадірлі оқырман! Сіздер тағы қандай парадокс білесіздер?