Оразаның екі сыры
Оразаның екі сыры
Рамазан сөзі араб тіліндегі қазақша мағынасы күннің қатты қызғанын білдіретін "рамада" түбірінен шығады. Араб өлкесіне рамазан айы күннің нақ ысыған кезіне тұспа-тұс келетін болғасын айдың да атауы дəл осылай аталса керек ("Мұхтар ас-сихах" сөздігі). Бұл дегеніміз кімде-кім осы дүниеде рамазан айының ыстығына шыдап Раббысы үшін ораза ұстаса ақіретте тозақтың ыстығына күймейді деген мағынаға да саяды.

Иə, Хақ нұрына ғашық жандар үшін рамазан айының ыстығы һəм аштық пен шөлде Раббыларының разылығына жету жолында түк кедергі келтірмесе керек. Олар тек рамазан айында ғана емес жылдың өзге де уақыттарында ораза ұстау арқылы Хаққа деген опалылықтарын паш етумен болады.

Ораза мүміннің Раббысына деген махаббатының қаншалықты күшті екенін білдіретін құлшылықтардың ең төресі. Сондықтан Имам Ғазали сынды Ислам ғұламалары оразаны құлшылықтардың қақпасына теңеген.

Асылында, ораза өзге құлшылықтардан мынадай бір екі сырымен ерекшеленіп тұрғандай.

Біріншісі, ораза Раббысы мен құлы арасындағы сыр. Себебі оразалының оразасы көзге көрінбейді. Өзге құлшылықтар белгілі бір іс-əрекеттермен атқарылатын болғасын ел-жұрттың көзіне көрінеді жəне мүмин адам оны атқару барысында елдің назары өзінде екенін сезсе алғашқы саф ниетіне ақау түсуі мүмкін. Ал оразалы өзінің ораза ұстап жүргенін жарияламаса оны ешкім біле алмайды. Сондықтан мүмін Хақ үшін ұстаған оразасы үшін толық сауап алу мүмкіндігі бар.  Əбу Һурайрадан (р.а) жеткен мына бір құдси хадисте Алла Тағала былай деген: "Адам баласының  құлшылықтарының бəрі өзі үшін. Тек оразасы ғана мен үшін. Сондықтан оның сыйын өзім ғана беремін", - деген (Сахих Бұхари). Иə, ізгі амалдардың сауабы Жаратушы құзырында бірден жеті жүзге дейін көбеймек. Ал, оразаның сауабының мөлшерін ешкім білмек емес. Оның сыйын Хақ Тағала қияметте құлына өзі ғана тарту етеді.

Екіншісі, ораза ібіліс жəне  нəпсімен күрес жолында мүминнің қаруы іспетті. Екі дүние сардары (с.а.у.): "Негізінде шайтан адам баласының қанында жүреді. Сол үшін оның жолдарын аштықпен бөгеңдер," - деген (Сахих Бұхари, Мүслім т.б.). Иə, оразалы мүмин аштық арқылы нəпсі қалауларын тыйып, қанындағы ібілістің жолдарын бөгеп, олардың азғыруларына қарсы тұрады.  Адам осылайша Хаққа бір табан жақындай түскенде Жаратушы Жаббар Иесі оған қарсы "жүре" бастамайтын ба еді?! Себебі Қасиетті Құранның  "Анкабут" сүресінде Хақ Тағала: "Біз үшін күрескендерді біз тура жолымызға бағыттаймыз", - деген. Басқа бір аятта Алла Тағала: "...Расында, қандай да бір қауым өз-өздерін өзгертпейінше Алла Тағала оларды өзгертпейді..." ("Рағд" сүресі, 11-аят), - деу арқылы мүмин жақсылыққа жету жолында əрекет еткен сəттен бастап Хақ Тағаланың берекеті келе бастайтынын білдірген. Сондықтан ораза мұсылманның ібіліс пен нəпсі қалауларын жеңу жолындағы алғашқы қадам болып есептеледі.

...Жалпы  Рамазан айын өзгеру айы деп атасақта артық болмайды. Себебі, осынау мейірім тұнған мүбәрак айда өзгеріске түспейтін нəрсе жоқ. Жəннаттың өзгерісін оның осы айда есіктерінің айқара ашылатындығынан байқайтын болсақ, тозақ есіктерінің тарс жабылуы арқылы өзгереді. Тіпті, жын-шайтандар да мүбәрак айдың құрметі үшін кісенделіп өзгеріске ұшырамақ. Иə, бұл айдың күні де өзгеше, түні де өзгеше... Ендеше осынау ұлы өзгерістерден  мұсылман адам да шет қалмауы тиіс.

Жаратушы Жаббар Иеміз біз үшін рамазан айының тек артық салмақтан арылу айы емес күнəлі істер мен жағымсыз əдеттерден арылу айы болуын нəсіп еткей!  Əмин!

Роман Бұрқаш  

İslam.kz 2014 жыл 

http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/orazanyn-eki-syry-288/#gsc.tab=0 

ораза, рамазан, ауызашар
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 5746
1 пікір
  • Әмиин!
    Иә, өзгеріс айы екені рас қой. Бірақ адам өзі де өзгеруге тырыспаса, қол тусырып жатқан адамды өзгертпесі анық...
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165