ЖАРАЛЫ ТЫРНА
ЖАРАЛЫ ТЫРНА

     Жаздың ми қайнатар аптап ыстығынан кейінгі қыркүйектің алғашқы суығы Марқакөл маңындағы ақбас тырналарды бір сілкіп алды. Қаншама айғы жайбарақат өмірден кейін келген күздің бірінші суығы олардың жылы жаққа ұшатындықтарын естеріне салғандай. Көп ұзамай үйреніп қалған далаларын артқа тастап Оңтүстікке бет алмақ. Алда оларды ұзақта қиын сапар күтіп тұр. Жол азабы-көр азабы демейме осынау машақаты көп алыс жолға ақбас тырналардың тобын бастар қораздар жəне мекиендер қала берді олардан өрбіген бастарына ақ түсті кекіл енді шыға бастаған жас тырналарда бірдей дайындалуда. Əсіресе көш қызығы жас тырналарда. Олар бұндай сапарға бірінші рет аттанбақшы. Сондықтан ерекше толқуда еді.

    Басқа тырна тұқымдастарға қарағанда денелері сəл кішірек келетіні болмаса ақбас тырналардың өзге бауырларынан еш айырмашылығы жоқ. Қыркүйектің соңына таман суық жиілей бастағанда жылы жаққа аттанады. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, қанаттарын қомдап көкке көтерілгенде тырналар үш бұрыш жасап топ болып ұшады. Оның мəнісі мынада: Аспан кеңістігінде ауаны жару үшін үш бұрыш болып ұшу керек жəне топ болып ұшу жалғыз ұшқанға қарағанда жылдамдықты бірнеше есе арттырады. Топ бастайтын қоразы мен өзге мықты тырналар ауаны жарып отыру үшін алдыңғы сапта ұшса, қалғандары солардың əуеде салған жолдарымен ғана ілесіп отырады. Əсіресе олардың көште əлсіздерін ортаға алып ұшуы таңдай қақтырады. Жол алыс, сапар ұзақ. Межелі жерге жетем дегенше талай бейнетті бастан кешіріп, түрлі қиындықтарға ұрынады. Жолай қанаты талып опат болатыны қаншама. Бірақ барар жердің қызығын ойласа "тар жол, тайғақ кешуді" бастан өткеру олар үшін түк емес. Ол жақтың рахат өмірі еске түссе шынымен тəуекел етіп жолға шығуға тұрарлықтай. Жер шарының Оңтүстік бөлігіндегі былтырғы сайран күндері көз алдарына келіп, сол жаққа жетуге асығып ақбас тырналар ара-тұра тыру-тырулап шер тарқатып қояды. Шынында ол жақ өте керемет... Тек оған дейінгі мехнатты сапар-ауыр сынақ. Сондықтан тырна біткеннің бəрі тегіс жол қамында. Тек осынау сапардан бір ғана жас тырна шет қалып еді. Иə, əу бастағы жаратылысы сонау бақ мекеніне ұмтылдырғанмен еріксіз қалуға мəжбүр болған. Себебі қанаты қайырылған, ұшуға дəрменсіз. Жаздыгүні көл маңында қанаттары енді қатая бастаған бір топ жас тырналар сауық-сайран салып жүргенде ойда жоқта бір түлкі лап берген. Жас тырналар не істерлерін білмей абдырап, бастары ауған жаққа жапатармағай қаша жөнелген-ді. Сол бір өмір мен өлімнің арасында осы тырнаның қанаты жарақаттанып бір ажалдан аман қалған. Күз келе жарақаты жазылғанмен ұшуға жарамай қалды. Енді міне амалсыз алдағы қақаған қысты осында өткізбекші. Қандай өкінішті, қандай аянышты. Өзімен тетелес жас тырналардың жолға қамданғандарын көргенде тіпті күйіп кетеді. Ең ауыры алдағы тырналармен қоштасу сəті. Не істейді... Қылар қайран жоқ ылажсыз мұз қатқан көл маңын, қураған қоғаларды паналап күнелтпек. Ара-тұра адам көзіне шалынып олар бұны қамқорлыққа алып: "Жылы жаққа ұшпай қалған жаралы тырна табылды" деген сенсациямен зоопарктен бір-ақ шықса қанекей. Əй бірақ ол да неғайбыл...

   Топ тырна жолға шығарда арттарына қарап ұзақ күткен, бірақ жаралы тырна "қош болыңдар" дегендей ишара жасады. Қос қанатын шабыттана сермеген тырналарға қарап көзі жəутеңдеп қала берді. Тырна үшін тобыңа ілесе алмаудан қиын ештеме жоқ екен. Шын жыласа соқыр көзден жас шығады дейді, тырнаның көзі жасқа толды. О, жарықтық тырналар да жылайды екен. Тыру-тырулап еңірейді екен. Оларда ақыл, ми деген болмаса да жүрек болады екен. Жүрек... Жылы мекенін аңсаған жүрек. Тобынан ажырап зар еңіреген жүрек...

 

                                                                                  * * *

...Күздің алғашқы суығы басталғанда тыру-тырулап жылы өлкеге ұшатын ақбас тырналардай менің де достарым қажылығын өтеу үшін бақ мекені Қасиетті Меккеге ұшып кетті. Тобынан ажыраған жаралы тырнадай көңілім құлазып мен қалып қойдым...Тыру...тыру...

...Қадірлі достарым! Қасиетті Қағбаны мен үшін де тауап етіп, Əз Елшіге (с.а.у) менің де атымнан сəлем жолдаңдар!

                                         

                                                                                    Роман Бұрқаш     Алматы, 2014 жыл, islam.kz

                                                                                                       

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 5897
0 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165