Есімнен кетпес екі күн
Есімнен кетпес екі күн

Ғаламның рақым нұры пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасиетті шаңырағында тәрбиеленген әрі бір ғасырдан астам ғұмырында мұсылмандардың қуаныш пен қайғыға толы небір оқиғаларының куәгері Әнәс қария өз заманында мұсылмандардың рухани бұлағы бола білді.

Жаныңды рақатқа бөлейтін самалы соғар Мәдинаның кешқұрым уақыттарында оны немере-шөберелері мен жас-кәрісі аралас шәкірттері қоршап алып мұсылмандардың басынан кешірген аңыз-ертегілерге бергісіз қилы-қилы оқиғаларды айтып беруін өтінетін еді. Ал оның ең көп айтатын әңгімесі өзіне адамдардың арасында ең сүйікті болған әрі өз ата-анасынан да асып тәрбие берген, сүйікті ұстазы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) туралы болатын. Екі дүние сардарынан (с.а.у.) тәбәрік ретінде алып қалған кішкене аса таяғына сүйеніп отырып Ол (с.а.у.) жайында әңгіме бастасымен-ақ қарт сахабаның иегі кемсеңдеп, сақалын көз жасы жуып кететін-ді. Пайғамбарлар падишасы (с.а.у.) өмірден өткелі сексен жылдай уақыт өтсе де қарт сахабаның жүрегіндегі Оған (с.а.у.) деген махаббаты мен сағынышы артпаса бір кеміген емес. Оның (с.а.у.) әрбір айтқан сөздері, жүріс-тұрысы, әкелік мейіріммен елжірей қарағаны, атын Әнәс деп тура атамай «Унәйсім» немесе «балапаным» деп еркелеткені бәрі-бәрі есіне түсіп, көз алдына сол шуақты күндері келе қалып көз жасына ерік беретін. Мұны көрген төңірегіндегі жамағат та оған қосыла егілуші еді. Көпті көрген қазыналы қарт сахаба сондағы әңгімесін: «Маған Алла Тағалам бір ғасырдан астам ғұмыр берді. Ащыны да тұщыны да таттық. Бірақ осыншама ұзақ ғұмырымда есімнен кетпес екі күн ғана бар», – деген сөздерімен бастайтын-ды.

 

*      *      *

«Мен ол кезде он жасар бала едім. Мекке мүшріктерінен теперіш көріп ақыры ол жақта тұру мүлдем мүмкін болмай мұсылмандар біздің қаламызға көшіп келіп жатты. Ол кезде Иасриб тұрғындарының көбі мұсылман болып үлгерген еді. Бұл оқиға тарихта «һижрет» деп аталып кетті. Иасрибке көшіп келген пайғамбар (с.а.у.) сахабалары «мұһажирлер» аталып, ал оларға көмек көрсеткен Иасрибтік мұсылмандар «ансарлар» деген атқа ие болды. Әрине, мұһажирлердің соңынан пайғамбарымыз да (с.а.у.) қаламызға келу керек-ті. Содан не керек бір күні пайғамбар (с.а.у.) мен серігі Әбу Бәкір Иасрибті бетке алып, сапарға шықты деген хабар келді. Осы хабар жетісімен Иасриб халқы күн сайын кәрісі бар, жасы бар бәрі қолдарына құрманың жапырақтары мен дабылдарын ұстап қаланың Мекке тұсын торумен болды. Мақсаттары Хақ хабаршысын (с.а.у) әндетіп, дабылдатып сәнмен қарсы алу еді.

Менің анам Умайса (р.а) да ол кезде мұсылман дінін қабылдаған болатын. Жастайымнан анашым арқылы жүрегіме әлі көрмеген Пайғамбарға (с.а.у) деген махаббатты мықтап сіңірген мен жас балалармен күн сайын жолды торуылдаумен болдық. Әлі көрмеген, бірақ қатты жақсы көретін қос дүние сәруарын (с.а.у) мендегі сәби жүрек қатты аңсаумен болды. Пайғамбар (с.а.у) келмеген әрбір кеш сайын бастарымыз салбырап үйге қайтатынбыз. Бір күні Пайғамбар (с.а.у) мен досы Иасрибке таяп қалды деген хабар келді. Содан барлығымыз қарсы алуға алдынан шықтық. Жолаушылар қалаға кіргенде бәрі «сен біздің толған айымызсың, күнімізсің» деп әндетіп қарсы алып жатты. Бірақ алғашында көбісі Пайғамбарымыздың (с.а.у) қарапайымдылығынан түйелі жолаушылардың қайсысы пайғамбар екенін біле алмады. Әнде айтылғандай Пайғамбар (с.а.у) келіп расымен айымыз оңынан туғандай қаламыз нұрланып шыға келді. Және сол күннен бастап қаламыз бұрынғыдай Иасриб емес «нұрланған Мәдина» деп аталып кеткен-ді.

Пайғамбар (с.а.у) қалаға кірген соң ансарларлықтардың бәрі Оның (с.а.у) түйесінің жүгенін өз үйлеріне тартумен болды. Бірақ ақырғы елші (с.а.у) Алланың қалауымен Әбу Айюбтің үйіне тұрақтады. Әбу Айюбтің үйіне жайғасып жатқанда Мединалықтар Пайғамбарымызға (с.а.у) бір-бір бағалы сыйлықтан сыйлап жатты. Осыны көрген менің анам Умайса (р.а) да Пайғамбарымызды (с.а.у) қалай қуантамын деп әлек болған еді. Бірақ үйімізде сыйлыққа татырлық ештеме жоқ-тын. Содан кейін анамыз Оған (с.а.у) өзіндегі ең қымбат нәрсені сыйлауға ұйғарды. Мені ақиық елшінің (с.а.у) алдына ертіп апарды да: «Уа, Алланың елшісі (с.а.у)! Саған сый тарту етпеген Мәдинадан адам қалмаған сияқты. Бірақ менің саған берер ештемем жоқ. Дегенмен сый ретінде мына менің Әнәсімді өз қызметіңе алғайсың. Бары да, жаны да сенікі»,-деді. Пайғамбарымыз (с.а.у)  сәл жымиған күйі менің басымнан сипап анамның тілегін қабыл алды. Міне, дәл сол күннен бастап менің Пайғамбарымыздың (с.а.у) қасиетті шаңырағындағы ең қымбатты күндерім басталған болатын.

Алла елшісінің (с.а.у) алақаны дүриядан да, жібектен де жұмсақ болатын. Сондай-ақ, оның үстінен аңқыған хош иістей иісті кезіктірмедім. Бір күні ардақты елшіміз (с.а.у) мені бір жерге жұмсаған еді. Далаға шықсам базардың төңірегінде балалар ойынның көрігін қыздырып жатыр екен. Балалық құмармен мен де ойынға кіріп кеттім. Біраздан соң көйлегімнің арқа жағын біреу тартады. Сөйтсем, пайғамбарымыз (с.а.у) екен.  Маған жымиған күйі «балапаным, мен жұмсаған жерге бардың ба?» демесі барма. Сасқанымнан «иә» деп жауап беріп, дереу сол жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Уаллаһи, Оған (с.а.у) толық он жыл қызмет еттім. Сол жылдар ішінде Оның (с.а.у) маған бір рет те «түһ (сенен шаршадым)» дегенін көргем жоқ. Әрі қандайда бір ісіме мін тағып, «неге олай істедің?» немесе бір істі істемесем, «неге былай істемедің?» деп өмірі кейіген емес.

Ол (с.а.у) үмметіне тек ұстаз боп қана қоймай оларға қандай әке, қандай отағасы, қандай дос болу керектігінде үйретіп кеткен-ді. Күндердің күнінде баласы Ибраһим науқастанып қалған еді. Ауыр тыныстап, хал үстінде жатқан баласын көруге кіргенде Оның (с.а.у) әкелік мейірімнен көзі жасқа толды. Мұны көрген Абдурахман ибн Ауф (р.а): «Уа, Алланың елшісі (с.а.у)! Сіз де көзіңізге жас аласыз ба?»–деді. Сонда пйғамбарымыз (с.а.у) оған: «Уа, ибн Ауф (р.а)! Бұл көз жасы әкелік мейірімнен ғой»,–деді де, расында, жанардан жас парлайды, жүрек болса мұңға батып, қайғырады. Алайда, біз Раббымызды разы ететін сөзді ғана айтамыз. Уа, Ибраһим! Біз сенен айрылып қалғанымыз үшін қайғырамыз»,– деген болатын.

Ол (с.а.у) адамдар арасында достық, бауырмалдық сезімінің берік болуын қалайтын еді. «Ешбірің өзіне қалағанын бауырына да тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды» деп адамдарға жақсылық жасауда өзі үнемі көш басында жүретін.

Ол (с.а.у) көркем мінездің телегей теңізі еді. Оның (с.а.у) көркем қасиеттерге байлығы сонша оның әрқайсысын тарқатып айтуға бір-бір кештен, тіпті одан да көп уақытты арнауға болар. Сондай асыл қасиеттерінің бірі Оның (с.а.у) жомарттығы болатын. Аллаһ елшісінен (с.а.у) Ислам құрметі  үшін кім, не сұраса да, ешкімнің меселін қайтармайтын еді.  Бірде өзіне келіп жолыққан бір кісіге екі таудың арасын ен жайлайтын бәленбай мың бас қойды алдына салып берген-тін. Әлгі кісі еліне оралғанда қауымына: «Уа, жарандар! Ислам дінін қабылдаңдар! Расында, Мұхаммед (с.а.у) кедейленіп қаламын-ау деп қорықпайтын мәрт адам екен!»,– деп жар салған еді.

Ол (с.а.у) тек мұсылмандарға ғана емес күллі адамзатқа жіберілген мейірім пайғамбары. Бір кездері пайғамбарымызға (с.а.у) ұлты яһуди бір бала қызмет еткен-ді. Бір күні әлгі қызметші бала науқастанып қалды. Пайғамбарымыз (с.а.у) оның көңілін сұрай барғанда, бас жағына келіп отырды да, оған: «Исламды қабылдағын»,–деді. Сонда бала қасында тұрған әкесіне қарады. Әкесі оған: «Қасымның әкесіне бойұсынғын»,–деді. Пайғамбарымыз (с.а.у) сыртқа шығып бара жатқанда: «Оны тозақтан құтқарған Аллаға мың да бір шүкір»,– деп айтты.

Адамзат ардақтысымен (с.а.у) жеке қалған уақыттарда маған үнемі өсиеттерін айтып отырушы еді. Сондай кездердің бірінде маған былай деген болатын: «Уа, балапаным! Егер жүрегіңде біреуге деген еш кірбің болмай таң атырып, кеш батыра алсаң, соны істегейсің. Расында бұл менің сүннетім. Ал кімде-кім менің сүннетімді тірілтсе, маған сол сүйікті болады. Ал, маған кім сүйікті болса, менімен жәннәтта бірге болады».

Онымен бірге өткен он жылдың қалай тез өткенін білмей қалдық. Ол (с.а.у) дүниеден өткен күннен бастап мен  үшін барлық нәрсе қараңғы боп кеткендей еді. Рабиул-әууәл айының дүйсенбі күні болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у) біраз күндерден бері науқас еді. Сол күні сүйіктілерінің хал-жағдайын сұрауға келген сахабалар үшін пайғамбар (с.а.у) үйінің терезесінің пердесі түрілді. Бәріміз Әбу Бәкірдің артында тұрып терезеден пайғамбарымызға (с.а.у) үңілгенде оның бетінің Құранның парағы секілді аппақ боп жатқанын көрдім. Пайғамбарымыздың (с.а.у) о дүниеге аттануына аз қалғанын сезген сахабалар қайғыдан есеңгіреп қалғандай еді. Менің де жағдайым мәз емес-тін.  Әбу Бәкір болса бәрімізге басу айтумен болды.

Ардақты елшіміздің дүниеден озуы  жалғыз маған емес бәріне өте ауыр келді. Бір күні Әбу Бәкір (р.а) Омарға (р.а): «Жүр, бірге Үмму Әйманға (р.а) барып, Алла елшісінің (с.а.у) көзі тірісінде оған барып, хал-жағдайын сұрап тұрғанындай ол кісінің жағдайын біліп қайтайық»,– деді. Сөйтіп, екеуі Үмму Әйманға (р.а) хал-жағдай сұрай келгенде, кейуананың көңілі босап, көз жасына ие бола алмайды. Сонда Әбу Бәкір (р.а) мен Омар (р.а): «Неге жыладыңыз? Алла Тағаланың құзырындағы сый-сияпаттың Расулалла (с.а.у) үшін қайырлы екенін білмейтін бе едіңіз?»,-деді. Сонда Үмму Әйман (р.а): «Мен Алла Тағаланың құзырындағы сый-сияпаттың Алла елшісі (с.а.у) үшін қайырлы екенін білмегендіктен жылап отырған жоқпын. Мен көктен келетін уахидің тоқтап қалғанына қайғырып отырмын»,– деді. Кейуананың бұл сөзі Әбу Бәкір (р.а) мен Омарды (р.а) толқытқаны соншалық – екеуінің де көңілі босап, Үмму Әйманға (р.а) қосылып егіле жылады.

Маған Алла Тағалам бір ғасырдан астам ғұмыр берді. Ащыны да, тұщыны да таттық. Мен Әбу Бәкірдің (р.а) алғаш Құранды қалай кітап етіп жинақтағанының куәсі болдым, Омардың (р.а) халифалық тұсында парсы елін жеңіп, Кисра патшасының атақты қос білезігін Сурақаның (р.а) иеленгенін көрдім, Османның (р.а) кезінде Құранның көбейтіліп аймақтарға таратылуына ат салыстым, Әлидің (р.а) тұсында Ислам мемлекетінің ауқымы кеңейіп астанамыз Мәдинадан сонау Куфа қаласына ауыстырылған күнінің де куәгері атандым. Бірақ осыншама ұзақ ғұмырымда есімнен кетпес екі күн ғана бар. Бірі өте қуанышты күн, ал екіншісі өмірімдегі ең қайғыға толы күн еді. Бірі Пайғамбарымыздың (с.а.у) алғаш рет Мадинаға келген кезі болатын болса, ал екіншісі адамзат ардақтысының (с.а.у) өмірден өткен күні. Осыншама өмірімде мен үшін қуанышы мен қайғысы жағынан  осы екі күнге тең келетін күн жоқ. Ол (с.а.у) алғаш Мадинаға келген күні жер беті нұрға бөленіп кеткендей еді, ал Ол (с.а.у) өмірден өткен күні мен үшін бүкіл жер бетін түнек басқандай болды.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) мен үшін Раббысына: «Уа, Аллаһым! Әнәсімді байлық пен баламен ризықтандыр және оған береке бергейсің»,– деп дұға қылған болатын. Міне, сол дұғасы себепті мен қазір, Құдайға шүкір, байлыққа да, балаға да кенде емеспін. Алла Тағала маған ұзақта берекелі ғұмыр берді. Ал, ендігі арманым қияметте Расулалланы (с.а.у) көріп, алдынан шығып: «Уа, Алланың елшісі (с.а.у),  бұл сенің кіп-кішкентай қызметшің болған Унәйісің ғой!»,– дегім келеді. Мен оны қатты сағынып жүрмін...мен оны қатты сағынып жүрмін...

 *     *     *

Осылай деп қарт сахаба әңгімесін  бітіретін еді. Расында пайғамбарымыздың (с.а.у) қамқорында он жыл болып одан көп өнеге алып өскен. Тіпті Әнәс сахаба Пайғамбарымыздан (с.а.у) ең көп хадис жеткізген Әбу Һурайра (р.а) мен Абдулла ибн Омардан (р.а) кейінгі үшінші орында тұрады.

Немере шөберелері мен шәкірттері әңгіме айт деп қолқа салғанда үнемі «есінен кетпес екі күннен» бастайтын. Пайғамбарымыздың (с.а.у) алғаш Мәдинаға келген кезін баяндап отырғанда бір орында отыра алмай көздері жайнап, нұрланып, балаша мәз болып кетер еді. Ал, ардақты елшімен (с.а.у) қош айтысқан күнін айтқанда көз жасы көл болар еді. Жалғыз өзі ғана жыламай төңірегіндегілерді де жылататын.

Жасы жүз үшке таяп жарық дүниемен қош айтысар шағында Әнәс қария балаларына «маған кәлиманы қайталатыңдар» дей отырып, сүйікті пайғамбарынан (с.а.у) тәбәрік қып алып қалған аса таяғын өзімен бірге кебінінің ішіне салып жерлеуді өсиет етіп еді. Пайғамбарымызды (с.а.у) жанындай жақсы көріп әрі Оның (с.а.у) да сүйіктісі болған, Алланың разы болған құлы, күллі мұсылман үмметінің абызына айналған Әнәс ибн Мәлик Әл-Ансари сахаба өнегеге толы ғұмырын осылай тәмәмдаған болатын.

Мекке, ислам, пайғамбар, Мұхаммед, сахаба, Әнәс ибн Мәлик, Медина, Роман бұрқаш, Есімнен кетпес екі күн
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 4974
5 пікір
  • Рахмет Роман бауырым. Əсерлі де əдемі жеткізіпсің. Алла елшісіне ( с.а.у ) шынайы үмбет нəсіп етсін.
    9 жыл бұрын
  • Әркімнің естен кетпес екі күні осылай болса ғой, шіркін!!! Тамаша жазылған, керемет туындылар тағы күтеміз, жай емес, асыға күтеміз.....
    9 жыл бұрын
  • Алла разы болсын. Сүйікті Пайғамбарымыздын (с.а.у) үмбеті болғанымыз үшін мың да бір шүкір.
    9 жыл бұрын
  • МашАллах! Расымен де Естен шығармайтындай 2 күн екен! Аллам разы болсын авторға, және де осындай кереметтей шығармаларыңызды күтеміз!
    Қасиетті Жұма мүбәрәк болсын Бауырлар!!!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165