Дүниедегі ең бақытты әйел
Дүниедегі ең бақытты әйел

(Жалғасы. Басы өткен жазбаларда)

Күллі мұсылман жұртының ардақ тұтар анасы Хадиша (р.а.) анамыз

Асыл анамыз (р.а.) екі рет тұрмысқа шыққан соң бұдан бұлай тағы да тұрмысқа шығу жайлы ойламайтын-ды. Бір жағынан жасы да үлкейген және тұрмыс-тіршілікте біреуге мұқтаждығы жоқ еді. Бүгінгі күнмен салыстырғанда абзал анамыздың (р.а.) сауда-саттық кәсібінің шеңбері кең, тіпті шет елдермен байланыс құратын. Сонымен қатар қоластындағы жұмысшылардың өздері де әр өңірден еді.  Рум, парсы елдері секілді шет аймақта және өте жақын  Хира, Шам өңірлерінде қызметшілері әрі серіктестері бар болатын.

Ардақты анамыз (р.а.) өте бай, кез - келген  істің мәнісін білетін ақылды, көрікті әрі әрбір ер адам армандаған құрметті әйел болатын. Құрайыш руының ешбір әйелдің абыройы оған тең келмейтін. Меккелік ер азаматтардың көбісі оған қатты үйленгілері келетін. Бір - екі кісі сөз салып та көрген. Бірақ хз. Хадиша анамыз (р.а.) олардың ұсыныстарының ешбірін қабыл етпеген.

Тіпті сөз салған ер азаматтардың қатарында кейіннен "Әбу Жәһіл" деген атпен мәшһүр болған Әмір ибн Хишам да болған. Бірақ анамыз (р.а.) оған бірден ешқандай мүмкіндік бермей ұсынысын қабыл етпеді. Кейін уақыт өте келе Алла елшісіне (с.а.у.) пайғамбарлық міндет жүктелгенде Әбу Жәһілдің оған қатты өшігуінің көп себептерінің астарында осы мәселе де жатса керек. Пайғамбарымызбен (с.а.у.) хз. Хадиша анамыз (р.а.) шаңырақ көтергенде Әбу Жәһіл қызғаныштан күйіп кете жаздап:

 -  Тұрмысқа шығады екен де. Сонда не, тұрмысқа шығатын Әбу Талибтің жетімегінен өзге ешкімді таппағаны ма?  -  дейді.

...Өткендегі сапар өте ерекше сапар болды және болашақ елшіге үнемі жақын жүру үшін оған тұрмысқа шығудан басқа жол жоқ деген ой осы сапардан соң келгенді. Осы уақытқа дейін кімге болсада тұрмысқа шығуды мүлдем ойламаған және сөз салған талай адамның тілегін қабыл алмаған хз. Хадиша анамыз (р.а.) осы жолы бір нақты шешімге келген. Бірақ бұл мәселені шешімі қалай болады деп ой үстінде жүр еді.

...Хз. Анамыздың (р.а.) Нафиса бинт Муния есімді сіңлісі әпкесінің соңғы кездері біртүрлі боп жүргендігін байқап:

- Әпке сізге не болды? Соңғы кездері қатты ой үстінде жүрсіз?, - деп бұл жағдайдың себебін сұрайды. Алғашқыда сіңлісіне ештеңе айтқысы келмеген. Дегенмен іс бара - бара насырға шаба бастаған соң сіңлісіне мәселенің мән - жайын ақырындап түсіндіре бастады.

- Уа, Нафиса! Шүбәсіз мен Абдуллаұлы Мұхаммедтің бойынан өзгелерде жоқ бір артықшылық байқадым. Ол достыққа адал әрі адамдардың ең сенімдісі. Ол адамдардың арасындағы ең маңдайалдысы, көңілі кіршіксіз пәк, адамгершілігі мол тұлға. Оның үстіне оның осындай екеніне біз бірнеше рет көз жеткізгенбіз. Мүлдем ерекше жәйттарға куә болдық. Қызметшім Майсара Шам жеріндегі монахтың ол жайлы айтқан сөздерін жеткізуі, артынша Мұхаммедтің базардағы адамдармен қарым - қатынасы, Шамнан қайтар жолда оның төбесіне бұлттардың жиналып ол қайда барса сонда барып оны ыстықтан қорғауы бәрі - бәрі бізге бір ұлы нәрсені ишарат етіп тұрғандай. Күмәнім жоқ Мұхаммед бәрі сарыла күтіп жүрген соңғы пайғамбар!

Нафиса әпкесінің сөздерінің түп - төркінін түсіне алмады да былай деді: - Жарайды солай болды делік. Бірақ бұл жағдайдың сіздің көңіл - күйіңіздің өзгеруіне қандай қатысы бар?

Хадиша анамыз (р.а.) бұл жолы  сіңлісіне мәселені ашық айтуға бекінді: - Оған тұрмысқа шыққым келеді. Бірақ бұл ниетімді оған қалай жеткізуді білмеймін.

Мәселенің басы ашылған соң Нафиса:  - Егер рұқсат етсең бұл іске мен араласайын, - деді. Хадиша анамыз (р.а.) сіңлісінің ұсынысын құп алды.

Әпкесімен сөйлесіп болған соң Нәфиса дереу Мұхаммедті іздеуге кірісті. Оның қай жерде екенін адамдардан сұрастырып тапқан соң оның жанына келіп сәлем берген соң әңгімесін бастап кетті:

 - Уа, Мұхаммед!

Пайғамбарымыз бүтін денесімен бұрылып Нәфисаның сөзіне құлақ түрді.

 - Уа Мұхаммед! Байқауымызша сен әлі шаңырақ көтермеген көрінесің. Осы сенің үйленбей жүруіңнің себебі не?

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәл қазір үйлену үшін мүмкіндік жоқ», - деп жауап берді. Расында пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйленетіндей қолында мал - мүлкі жоқ болатын. Өзімен қоса тағы бір кісіні асырай алатындай жағдайы мәз емес - тін. Нәфиса болса бұның ешқандай кедергі емес екенін түсіндіруге тырысты...Не де болса әпкесінің қалауын пайғамбарымызға (с.а.у.) қиюын қиыстырып түсіндіруге тырысты. Ол үшін  әпкесіне үйленуге байлықтың керегі жоғын түсіндіру ләзім. ...Байлық бір өткінші нәрсе ғой. Алайда кісі бойындағы тектілік, сенімділік, шыншылдық секілді асыл қасиеттер өле - өлгенше адамның адамдығын көркемдей түсетін дүниелер емеспе?! Қайткенде де бұл істі аяғына дейін жеткізу керек.

   - Егер айтып отырған мәселең үйленуіңе кедергі болудан қалса қайта үйлену арқылы бақ - дәулетке кенелетін мүмкіндік туса уйленуге келісер ме едің?, - дейді. Нәфиса осы сөздері арқылы біреуді меңзеп тұрғанын пайғамбарымыз (с.а.у.) сезгендей боп:  - Кім екен ол?, - деді.

Нәфиса саспастан Хадиша деп жауап берді....Хадиша! Біраз күн бұрын керуенін Шам еліне бастап барып сәтті сапардан олжалы оралып келіп керуенін өз қолымен тапсырған. Сөйтіп екеуі бір істе бас қосқан еді. Алайда үйлену сауда - саттықтан да қиын мәселе ғой. Сол үшін ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Бұл қалай болады екен?, - деп ойланып қалды. Нәфиса үшін бұның қалай болатыны қиын еместей көрінді. Маңыздысы пайғамбарымыз (с.а.у.) қандай жауап айтатыны еді. Дегенмен Алла елшісінің (с.а.у.) бір сәт ойға қалуы көп нәрсені ұқтырғандай. Нәфиса төбесінен бір жүк түскендей жеңілдеп қалды. Себебі іс насырға шаба бастаған сыңайлы. Бұдан арғы мәселе майдан қыл суырғандай оңай шешіле бастады.

- Ал ол жағын маған қалдыр өзім бәрін реттеймін, - деді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үнсіз ойға қалуын жақсы ырымға балап Нәфиса дереу Хадиша (р.а.) анамыздан сүйінші сұрауға асықты.

Асылында ол заманда әйел адамның ер кісіге шаңырақ көтерейік деп ұсыныс жасауы қалыпты жағдай емес - тін. Бұл мәселеге көбінесе  ақсақалдар мен елдің атқамінерлері араласып екі жастың басын қосып шаңырақ көтертетін.

Нәфисаның әкелген жауабы Хадишаны (р.а.) қуандырмай қоймады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) некеге оң қабақ танытқанын біле сала оған «Уа, Мұхаммед! Түп тегіміз бір, оның үстіне саған теңдес адам бұл өңірде жоқ және сенің мінезіңде көркем. Сен аманатқа берік жансың және сөйлегенде тек шындықты айтасың. Сол үшін де мен сенің өмірлік жұбайың болуды қалаймын. Көкелеріңе айтып құда түсуге қамдана берсеңіздер» деп сәлем жолдайды.

Расымен пайғамбарымыз (с.а.у.) бұның бәрін жылы қабылдағанмен  бір жағынан қайран қалған еді. Дегенмен бұндай ірі мәселені үлкендермен ақылдаспаса болмас. Екі дүние сардары (с.а.у.) көкесі Әбу Тәліпке барып мән - жәйды толық жеткізді.

Әбу Тәліп Мекке халқы «Сенімді Мұхаммед» деп атайтын інісін өз балаларынан да артық  жақсы көретін. Сонымен қатар Хадишаның да елге сыйлы, құрметті әрі текті әйел екенін білетін. Інісінің сөздерінен бұл некеге жылы қабақ танытып тұрғанын байқап «неге болмасқа» деп жауап берді.

Көп уақыт өтпей Әбдімүтітәллибтің ұлдары Әбу Тәліп, Хамза және Аббас  Хадишаға құда түсуге келді. Хадишаның туыстары құдаларды тиісінші дәрежеде қарсы алып құрақ ұшты. Екі жақ есендік сұрасып болған соң Әбу Тәліп бірінші боп сөз алды:

- Бізді Ибрахим нәсілінен және оның ұлы Исмаилдің тұқымынан өрбіткен Аллаға мадақ болсын! Біздің мәртебемізді көтеріп Қағба жанында қажыларға қызмет көрсетуді, мұқтаж жандарға пана болуды нәсіп еткен және бізге билік берген сөзсіз Алла тағала!

Әбу Тәліп келген мақсатын бірден айтпай тыңдаушыларының ойын басқа жаққа бұрғандай. Дегенмен әдетте маңызды бір мәселе қозғаларда осылай  Аллаға шүкір мен мадақ айтылатын. Бұдан әрі Әбу Тәліп нақты мәселеге кірісті:

- Ал енді келген мәселемізге көшейік. Қадірлі жамағат! Мұхаммедті білесіңдер. Ол менің інім Абдулланың ұлы. Оны бұл маңайда ешқандай жігітпен салыстыруға келмейді. Қолында айтарлықтай байлығы болмаса да  парасаттылығымен, мінезінің көркемдігімен, батырлығымен өзгелерден көш бойы озық тұрады. Байлық деген қолдың кірі, ал ақыл мен парасат мәңгі емеспе?! Сондықтан інімнің ұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіт. Ол сіздердің аяулы қыздарыңыз Хадишамен отау құруға ниет білдіріп отыр", - деп төңірегіндеегілерге сіздер не дейсіздер дегендей бір көз жүгіртіп өтті. Сөйтті де сөзін әрмен қарай жалғап: "Қалыңдықтың қалыңмалына бір бөлігін дәл қазір ал қалғанын кейін береміз деген ниетпен он екі уқия мен бір нәш атап отырмыз". (Болашақ  құдалар атаған қалыңмал ол кездері бес жүз дирхамға пара - пар еді. Кейбір риуаяттарда пайғамбарымыздың қыздың мәһіріне жиырма түйе бергені де айтылған. Бұлда қуатты риуаят. Себебі жиырма түйе де бес жүз дирхамға татиды)

Жігіт жақ өз ойларын білдіргеннен соң ендігі сөз кезегі қыз жағына өтті. Әбу Тәліпке жауапты Хадишаның (р.а.) ағасы Әмір ибн Әсәд берді. Хадиша да пайғамбарымыз секілді жетім еді. Әкесі Фижар соғысында қайтыс болған. Ағасы өмірден өткен соң бар жауапкершілікті өз мойнына алған Әмір ибн Әсәд былай деп сөз алды:

- Сендерге бар нығметін үйіп - төгіп адамдар арасында мәртебелеріңді көтергендей бізді де құрметке бөлеген Алла тағалаға сансыз шүкір айтып, мадақ жаудырамыз! Сөз жоқ сіздер секілді бізде араб тайпаларының ішіндегі ең құрметтілеріміз. Уа Құрайыш жамағаты! Сіздердің де біздің де атағымыз бен беделіміз күллі араб түбегіне мәлім екені айдан анық. Мен Хуаилидқызы Хадишаны Абдуллаұлы Мұхаммедке аталған қалыңмалмен отау құруларына өз ризашылығымды білдіремін.

Әмір ибн Әсәдтің сөзіне риза болған Әбу Тәліп қыз жақтан тағы өзге кісілердің де сөйлегенін қалап былай деді:

- Бәрекелді! Ендігі кезекте құдалар жағынан тағы да сөз алатын адам болса.

Келесі сөз кезегі Хадишаның (р.а.) тағы бір ағасына тиді:

- Уа Құрайыш жамағаты! Бәріңіз куә болыңыздар біз Абдуллаұлы Мұхаммед пен қызымыз Хуайлидқызы Хадишаның шаңырақ көтеруіне дән ризамыз, - деді.

Құда түсу рәсімі осымен тәмәм болып құдалар төс қағыстырып енді тек некелесу күні қалған еді. Көп ұзамай ол күн келіп жетті. Тойға қой сойылып, түйелер бауыздалып ақ некенің құрметіне меймандар жиналды.

Дәулетті әрі текті Хадиша (р.а.) дүниенің ең бақытты әйелі атанды. Иә, оның қуанышында шек жоқ еді. Көп уақыт өтпей Хадишаның қуанышымен құтттықтауға дос - бауыр, құрбы - құрдастары жиналды. Әйелдер өзара дабыл ойнатып, би билеп Меккенің ең мақтаулы жігітінің жұбайы атанған құрбыларына бақыт тілеп, жүрекжарды тілектерін айтты.

Мына жақта пайғамбарымыздың (с.а.у.) көкесі Әбу Тәліптің де қуанышы қойнына сыймай жатыр еді. Жастайынан жетім өскен сүйікті інісінің болашағына көп алаңдайтын. Енді міне ол да (с.а.у.) шаңырақ көтеріп өзінше түтін тұтатып Меккедегі ең мақтаулы әйелдің жары болды.

Бұл жаңалыққа қуанған тек қана Әбу Тәліп емес еді. Меккеліктерде араларындағы ең ізгі екі адамның көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп жатқандарын қуана әңгімелеп тіпті араларында бұл жағдайды өлеңге де қосып кездескен адамның бәрінен сүйінші сұрап жүргендерде табылды.

Бірақ ол күні ешкімнің қуанышы дәл Хадиша (р.а.) анамыздың қуанышындай емес еді. Тойларына пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүт анасы Халиманы да шақырып кішкентайынан ақ сүт беріп әлпештеген ұлының қуанышына куә болуын қалады. Қашаннан жаны жомарт Хадиша анамыз (р.а.) пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті анасы Халиманы сый - сияпатсыз қалдырсын ба?! Таң азанмен жолға шықпақ болған асыл анасына Хадиша қырық бас қой сыйға тартты.

Ол күндері адамзаттың абзал тұлғасының (с.а.у.) жасы жиырма бесте болатын және аяулы анамызбен (р.а.) болашақта жиырма бес жылға созылатын бақытты да баянды өмір басталған еді.

Хадиша (р.а.) анамыз өте дәулетті кісі болғандықтан үй шаруасының бәрін қызметшілер атқаратын. Алайда пайғамбарымызға (с.а.у.) қатысты қызметті аяулы анамыз (р.а.) өзгелерге сенбей түгелдей өз мойнына алды. Ардақты отағасысына қызмет етуді асыл борышы деп білген әйел қауымының падишасы (р.а.) пайғамбарымыз (с.а.у.) нені ұнатса соны жақсы көріп, ал нені жек көрсе соны қош көрмеуге тырысып, жарының қас - қабағына қарап, қашанда күйеуін риза қылуға тырысатын. Осылайша күллі әйел затынан асып туған ардақты анамызбен (р.а.) адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы бір шаңырақ астында өздерінен кейін күллі адамзатқа үлгі боларлықтай баянды да бақытты ғұмыр бастады.

(Жалғасы бар...)

Bekir Burak, Hz. Hatice Kadınlık Aleminin Sultanı

Түрік тілінен аударған Роман Бұрқаш

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
10 жыл бұрын 8025
5 пікір
  • Тағы күтеміз)))
    10 жыл бұрын
  • Алла ол кісілерден разы болсын!
    10 жыл бұрын
    • Amin!
      10 жыл бұрын
      • Хадиша (р.а.) анамыз өте дәулетті кісі болғандықтан үй шаруасының бәрін қызметшілер атқаратын. Алайда пайғамбарымызға (с.а.у.) қатысты қызметті аяулы анамыз (р.а.) өзгелерге сенбей түгелдей өз мойнына алды. Ардақты отағасысына қызмет етуді асыл борышы деп білген әйел қауымының падишасы (р.а.) пайғамбарымыз (с.а.у.) нені ұнатса соны жақсы көріп, ал нені жек көрсе соны қош көрмеуге тырысып, жарының қас - қабағына қарап, қашанда күйеуін риза қылуға тырысатын.
        10 жыл бұрын
        • Бірақ ол күні ешкімнің қуанышы дәл Хадиша (р.а.) анамыздың қуанышындай емес еді. Тойларына пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүт анасы Халиманы да шақырып кішкентайынан ақ сүт беріп әлпештеген ұлының қуанышына куә болуын қалады. Қашаннан жаны жомарт Хадиша анамыз (р.а.) пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті анасы Халиманы сый - сияпатсыз қалдырсын ба?! Таң азанмен жолға шықпақ болған асыл анасына Хадиша қырық бас қой сыйға тартты.
          10 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165