Дәрігердің кеңесі
Дәрігердің кеңесі

Араб еліндегі бір дәрігер замандасымыз өзінің әлеуметтік парақшасында басынан өткен қызықты оқиғасымен бөліскен екен. Оқып, әсерленіп қазақ  тіліне аударғанша асықтық. Сонымен дәрігер бүй дейді: "Бір күні менің алдымда сан түрлі ауыртпалықтардан жаны қиналған, тірліктің тапшылығы мен түрлі қиындықтар тығырыққа тіреп, қайғы-қасірет әбден қажытқан, жүзі шаршаңқы, еңсесі түскен бір жігіт мұңын сейілтер, өмірге қайта серпін берер кеңес сұрағалы келді. Мәселенің мән-жайына әбден қанған соң жас жігітке «Юсуф» сүресін оқуды насихат еттім. Жігіт алғашқыда менің дәрілерді қабылдаудың орнына сүре оқуға кеңес бергенім үшін жүзіме аңтарыла қарап сәлден соң басын шұлғып мақұл дегендей сыңай танытып бөлмемнен шығып кетті. Екі күннен кейін әлгі жас жігіт қайта алдыма келіп қолымды қысып тұрып рахметін айтты. Жүзіне нұр, жанарында от пайда болған екен. Байқағанымдай берген кеңесімнен жақсы нәтиже шыққан секілді. Шексіз алғысын қуанышты жанарымен білдіріп тұр еді. Мен де жауап ретінде жас жігітке: «Бауырым мен бұл сүренің саған міндетті түрде оң әсерін береріне толық сенімді болдым», ‒ дедім.  Жас жігіт  таңғалып себебін сұрады. Мен сөзімді ары қарай жалғап: «Бұл сүре кезінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) «қасірет жылы» деп аталған басынан ауыр кезеңді өткеріп жатқан жылы түскен. Яғни, сол жылы қос дүние сардары ардақты Елшіміздің (с.а.у.) сүйікті жары мен ардақты ағасы қайтыс болып Алла елшісінің (с.а.у.)  басына қайғының қара бұлты төніп, қабырғасын қайыстырған қазалы кездері болатын. Сол кезде Алла Тағала сүйікті Елшісіне (с.а.у.) «Юсуф» сүресін түсіріп ондағы Юсуф пайғамбардың (алейһи әфдалут-тахиәти уә әзкәс-сәләм) қиссасы арқылы күш беріп жұбатқан еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы сүрені оқу арқылы жаны тыныштық тауып, қайғысынан сәлде болса жеңілдеп қалған болатын. Жаратушы Жаббар Иеміз хазіреті Юсуф (а.с.) пайғамбардың басынан өткерген сынақтарды мысалға алып ауыр азапты күндерден соң сарқылмас сабыры бар Юсуфтың (а.с.) төзімділігі үшін дәрежесін жоғарылатқандығын айтқан. Сонда осы сүре арқылы Адамзат абзалы (с.а.у.) көңіліне медет, жанына жұбаныш тапқан еді. Содан бері бұл сүрені кімде-кім оқып ондағы аяттардың хикметіне терең бойлайтын болса міндетті түрде жаны рахатқа бөленіп, көңілі байыз табады. Құран сүрелерінің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен адамға тигізер пайдасы болады. Міне, «Юсуф» сүресінің бізге берер көп пайдасының бірі осында болса керек», ‒ дедім. Бұл жауабыма риза болған жас жігіт оның мазмұнындағы жалпы қандай мәселелерге тереңірек ой жүгіртуіміз керектігін сұрады. Мен қысқаша: «Бұл сүрені адам өмірінде кездесетін отбасылық проблемалар, саяси мәселелер, әйел затына қатысты кейбір назар аударуымыз керек болған жәйттар, жеке адамның мінез-құлқына байланысты керек маселелер тағысын тағылар көптеген түйіткілдердің шешімі жатыр», ‒ дедім. Осы әңгімеден соң жігіт ерекше шабыттанып маған қайта-қайта алғысын жаудырып осы естігендерін өзге де таныстарына жеткізетінін айтып қуана-қуана бөлмемнен шығып кетті. Міне, осылайша мен кейде алдыма көмек сұрап келген замандастарыма қолдарындағы бұзаудың тіліндей кішкентай қағазға дәрінің атауының орнына сүре атын жазып беремін". 

ислам, Пайғамбарымыз, Ақиық Елші, Роман бұрқаш, Юсуф сүресі, Қос дүние сардары, Екі дүние шамшырағы, Хазіреті Юсуф (а.с), Адамзаттың абзалы, Ғаламның рақым нұры, Соңғы елші (с.а.у)
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 8761
6 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165