Адами сананың төрт сатысы
Адами сананың төрт сатысы

Қателеспесем 2007 жыл болатын. Шымкент қаласында музыкалық колледжде оқып жүрген кезім. Өнер саласында жүрген соң қаланың мəдени жаңалығына үнемі құлағымыз түрік жүреді. Сол жылы көктемде қала əкімшілігі ел руханиятына еңбегін сіңірген зиялы қауым өкілдерімен апта сайын кездесу ұйымдастыратын болды. Бəрекелді! Кітаптарын тамсана оқып, жүздерін тек теледидардан көретін мəдениет қайраткерлерімен енді жүзбе-жүз дидарласуға мүмкіндік туды. Сол көктемгі рухани кештер əлі есімнен кетпейді. Алматыны аңсап жүргенде  Алматының өзі маған келгендей болды. Оңтүстік халқы да ұлдарын сағынып, руханиятқа шөліркеп қалған екен кездесулер өтіп жүрген залда ине шаншар жер қалмайтын. Жə, нақты айтпағым бұл емес. Сіздермен сол кештегі алған əсеріммен емес түйген ойыммен бөліскім келеді. Ақын-жазушы жəне өнер қайраткерлері сол кештерде ел қамы, төл мəдениетіміздің жағдайы, адамзаттың рухани ахуалы секілді ірі тақырыптарда сөз қозғап, өздерін толғандырып жүрген мəселелерін ортаға салды. Жан азығы рухани сұхбатттарда ағалардың сол айтқан əңгімелері əлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Сол кездесулердің бірінде елге танымал бір ағамыз өз ойынша адамдарды саналарына қарай төрт сатыға бөліп қарауға болатындығын айтты. "Бірінші сатыдағы адамдар жұртқа тигізер пайдасы жоқ тек қарақан басын ойлайтын адамдар. Екінші сатыдағылар қоғамға сəлде болса пайдасы тигенмен өздерінің жоғарысындағы адамдардың бұйырғанынан басқа түк бітірмейтіндер. Ал, үшінші сатыға келетін болсақ олар өздері бұйырылған нəрседен бөлекте өз ойларымен жұмыс жасап халық игілігіне жарар іске азда болса мұрындық боп жүретін жандар. Ал, төртінші сатыдағы адамдар ел мүддесі үшін, адамзат қамы, нұрлы болашақ үшін өз жандарын пида етуге даяр тұратын адамдар",-деп көпшілікке ой саларлық əңгіме қозғады.

Ал енді осы адами сананың төрт сатысын кеңінен тарқатып көрелік. Бірінші сатыдағы адамдар тек қарақан басының қамын жəне төңірегіндегі өзіне керекті адамдардың ғана жағдайын ойлайтын адамдар. Оларды айналада болып жатқан ешбір оқиға қызықтырмайды. Тек өзім аман болсам болды деген хайуани  тілекпен ғана өмір сүреді. Ғылымда бұндай типтегі адамдарға "эгоизм" емесе "солипсизм" деген термин қолданылады.  Кезіндегі француз патшасы XV Людовиктің нақсүйері Маркиза де Помпадурдың айтқан атақты: "Бізден кейін жерді су басса да бəрібір" ("После нас хоть потоп"), - деген сөзі осы сатыдағы адамдардың басты өмірлік қағидасы. Бұл сатыдағы адамдар өз қамдарын ғана ойлайтын болғандықтан адамгершіліктен жұрдай болады жəне  қоғамдағы бауырластық, туыстық секілді алтын құндылықтарды аяқ асты етеді. Абай атамызда осындай пасық пиғылды адамдарды сынай отырып: "Өзің үшін еңбек қылсаң-өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың",-дейді.

Екінші сатыдағы адамдар қоғамға азғана пайдасы тигенмен ол қарекетті өзінше жасай алмайды. Олардың істеген ісі тікелей өздерінен жоғарыдағыларға қатысты боп отырады. Ал үшінші сатыдағылардың бұлардан айырмашылығы олар өздері бұйырылған нəрсені артығымен орындайды жəне солардың тысында тағы да басқа қоғамға пайда келтіретін шаруаларды тындырып жүреді. Осы екі сатыдағы адамдардың жағдайын қарапайым мына бір əңгімемен түсіндірсек болады. Бірде бір кəсіпорында бір жұмысшы өзімен мамандығы бірдей бірақ өзінен жалақыны көбірек алатын əріптесін көріп бастығына ренішін айтып келеді. Бастығы оған бұл мəселені түсіндіру үшін көшеде жол жөндеп жатқан жұмысшыларға не істеп жатқандықтарын сұрап келуге жібереді. Əлгі жұмысшы барып кеп олардың "жол жөндеп жатырмыз" деген жауаптарын əкеледі. Бастығы: "Олардан басқа ештеңе сұрамадың ба?",-дегенде əлгі жұмысшы "жоқ" жеп жауап береді. Осыдан кейін бастық жалақысы көп жұмысшыны шақыртып оны да əлгіндей тапсырмамен жол жөндеушілерге жібереді. Жалақысы көп жұмысшы жұмсаған жерге барып келген соң олда бастығына олардың жол жөндеп жатқандығын айтады. Сонда бастығы: "Басқа ештеңе сұрай алмадың ба?",-деген кезде  ол: "Олар жолды бірнеше күн бойы жөндейді екен. Əзірше ол көшемен жүру мүмкін емес. Сондықтан жөндеу болып жатқан көшеден кейінгі көшемен жүруге тура келеді екен",-деп бəрін тəптіштеп сұрап келгендігін көрсетеді. Осы жағдайдан кейін жалақысы төмен жұмысшы өз əріптесінің неліктен өзінен көп жалақы алатындығын түсінген екен.

Ал төртінші сатыдағы адамдар адамзаттың бақыты үшін аянбай қызмет қылатын қаһармандар. Олар адамдардың екі дүниеде де бақытты ғұмыр кешулері үшін жəне оларды жақсылыққа жетулері үшін тынбай еңбек етеді. Тіпті сол жолда өз жандарын пида етуге даяр болады. "Мен өзімнің тозақтан құтылуымды өзгелердің құтылуынан іздеймін" деген жəне "өзгелерге бақыт сыйлаушылар нағыз бақыттылар" деген қанатты сөздер олардың өмірлік қағидалары десе де болады. Олар адамдардың бақыты үшін өз жандарын аямайтындықтары соншалықты олар тозақтан шығарда да жəне жəннатқа кірерде де өздерінен кейінгілерге жол беруге де дайын. Төртінші сатыдағы адамдар адамдарды ақ-қара деп ажыратып жатпай олардың бəрінің иман нұрымен қауышуларын тілейді. "Адамзаттың бəрін сүй бауырым деп" деген Абай атамыздың өлеңіне сай оларда адамзаттың бəрін туыс деп біледі. Олар сол істері үшін Алланың мейіріміне бөленуді қалайды жəне дəл солай болатынына кəміл сенеді. Бұл ақиқатты Абай тағы бір өлеңінде былайша жырлаған:

"Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Қарекет қыл пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын əуелі Тəңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін!"

Ақиық елшісі (с.а.у) мен саңлақ сахабалардан үлгі алған кешегі данышпан ақын, "төртінші саты қаһарманы" Шəкəрімнің де мына бір өлеңі бүгінгі "елге, дінге қызмет қыламын" деген жастарға ұран болуы тиіс:

"Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін.
Серт бердім еңбек етуге,
Алдағы атар таң үшін".

Иə, қазіргі бақсының құмалағындай бытырап, бастары қосылмай, бірінің қуанышына бірі қуана алмай, бірінің қайғысын бірі бөлісе алмай жатқан мұсылман үмметіне осы төртінші сатыдағы қаһармандар жетіспейді. Қазір Ислам үмметі кереметтей философиялық ой-пікірлерге, том-том кітаптарға, таңғажайып зəулім сарайларға мұқтаж емес. Қазіргі Ислам үмметі өзінен гөрі өзгені көбірек ойлайтын, үмметтің бірлігіне, адамзаттың бақытқа жетуіне еңбек ететін Əбу Бəкір, Омар секілді қаһармандарға мұқтаж.

...Қадірлі оқырман! Осылайша жоғарыда аталған "адами сананың төрт сатысы" деген таразыға сала отырып айналамыздағы адамдардың іс-əрекеттеріне қарап олардың қай сатыға жататынын анықтауға болады. Бірақ маңызды нəрсе ол емес. Ең маңыздысы сіз бен біз сол сатының қайсысындамыз?

                                                                                                                 Роман Бұрқаш;  İslam.kz   2014 жыл

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 6261
5 пікір
  • Иә , дұрыс, бірақ бүкіл адамзатты осы төрт қағидаға салып қана жіктеу жеткіліксіздеу көрінеді. Өйткені, әрбір адам жеке бір әлем екеніне ешкімнің таласы жоқ. Миллиондаған, миллиярдтаған әлемді төрт қағидаға сыйғызу мүмкін емес ау.... Кеудесінде әрбір адамды отырғыза алатындай рухани тағы бар жан, адамдарға "сен мына сатыдасың, ал, мен мына сатыдамын" демесі анық...Кеудемізде тақ болса, басымызда бақ болар....
    9 жыл бұрын
  • ас саляму алейкум! тамаша макала! Аллах разы болсын. асиресе 2нши мен 3нши сатыларды тусиндиргенде колданган мысалыныз унады. Озинизди кай сатыга жаткызады екенсиз?
    9 жыл бұрын
  • ....Кеудесінде әрбір адамды отырғыза алатындай рухани тағы бар жан, адамдарға "сен мына сатыдасың, ал, мен мына сатыдамын" демесі анық...(1 пікірден) Ешкім "мен мындай дәрежедемін, сіз мындай дәрежедесіз" деп үкім бере алмайды. Дегенмен бәрі Абай атамыз айтпақшы "болмасаң да ұқсап бақ" деген қағидамен жақсыларға ұқсап бағып, Муқағали айтпақшы "Жамандықты жоқ қылып, жақсылықты, Одан сайын келеді қуатты еткім" деп жақсылықтың қуатты болуына ат салысуы керек.
    9 жыл бұрын
    • Иә шынымен ақ, жақсылыққа жол бастайтын, айналасындағы адамдарды қай сатыда болу керек екенін түсіндіретін, "өзінен гөрі өзгенің қамын күні-түні ойлайтын", "Ислам үмбеті үшін ұйқыдан қалуға бар" (уақыты келгенде) мақала авторы секілді "жолбарыс жігіттер" жол бастаса артынан көзді жұмып қойып ере береміз....
      9 жыл бұрын
  • Өзгені де ойлап, өзгеге пайдалы көмек беру жақсығой шіркін! Бірақ кейде өз мінімді түзей алмай жатқанда, шын бейшара жанашырлығым керек 'өзім' екенін аңғарамын! Пайда бермесем де зиянымды тигізмесем, күлімсіреп қуаныш сыйласам деп ойлаймын ау; бірақ, кей кез болады, бұл сөз де жайында қалатын! Сонда да 'ұқсап бақсам' деп қоямын))
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165