САЯЛЫ ҚАРА ТАЛ
САЯЛЫ ҚАРА ТАЛ

     Біздің ауыл Арал ауданынан үш-төрт сағаттық жерде ит арқасы қиянда орналасқан. Осынау жүз  түтінді ауыл Арал ауданынан да, Арал теңізінен де алыс, ит байласа тұрғысыз сары құмның арасында. Соры бетіне шыққан тұзды даладағы қалқиған жалғыз ауыл болғандықтан ба жұрттың бәрі ауылымыздың Бірлік деген атын атамай Жалаң деп кеткен. Жалаң десе жалаң. Төңірегінде мазарлардан басқа ештеңе таппайсың. Бала күнімде әжемнен ауылымыздың неліктен айдалада орналасқанын сұрайтынмын. Сонда қарт әжем бір күрсініп алып былай дейтін: «Еее, шырағым! Біз кезінде ауылымызды Арал теңізінің жағасына қондырған едік. Барлық ел тегіс  қыста жылы, жазда салқын жертөлелерде [1] тұрды. Ауылдың ер азаматтары түгелдей балыққа шығатын. Талай жыл балықшылықты кәсіп етіп теңізбен дос болып баянды ғұмыр кешкенбіз. Бірақ білмеймін кейіннен халықтың пиғылы бұзылды ма әлде Сәбет өкіметінің кесірі ме елден береке қаша бастады. Сол тұста қарт теңізде тартылып бізден алыстап кетті. Осыгүні оның себебін жұрттың бәрі: «теңіз бізге өкпелі. Сондықтан бізден алыстап кетті» деп жүр ғой». Иә, дәл осы сөздерді мен ауыл қарияларынан бірнеше рет естігенім бар. Өзге жұрттай біздің ауыл теңізді тартылып қалды деп ойламайды. Біздің ауыл теңізді адамдарға өкпелі болғандықтан жағалауын алыс алып кетті деп  есептейді...

   Кейіннен не керек халықтың руханиятының тоз-тозын шығарған Сәбет өкіметі де құлады. Жәй құлап қалған жоқ, құлауының арты тоқыраумен жалғасты. Бірнеше жылдан соң тоқырау тоқтап есеңгіреп қалған еліміз қайта есін жинай бастады. Тәуелсіздігіміздің тәтті дәмін біздің ауыл халқы да сезе бастағандай еді. Дағдарыстың сеңі сейіле келе жер-жерде түрлі өзгерістер болып жатты. Сондай өзгерістердің бірі ауылдың ауқатты азаматтарының ел игілігіне деп Алланың жердегі үйі мешіт тұрғызулары еді. Бұндай игі шаралардан біздің ауыл да шет қалған жоқ. Ауылымызда бүкіл саналы ғұмырын балықшылықпен өткізген елге сыйлы Әлпан қария болған. Осы ақсақалдың Талғат деген тұңғышы облыс орталығында үлкен қызметте деп еститінбіз. Міне, сол Талғат бір жылдары ауылымызға ат басын тіреп, қара шаңырақта әкесіне құран оқытып, кетерінде ауылға мешіт тұрғызып беруге уәде беріп кеткен еді. Көп ұзамай ауылымызда көркі көздің жауын алатын зәулім мешіт бой көтерді. Ауыл тұрғындары дән риза. Мешіттің ашылуы да үлкен дүбірлі тойға жалғасқан. Алғашында мешітке қызығып барушылар көп болған. Бірақ әууам жұрттың күніге бес уақыт оқитын намаздары болмағасын, әрі ауылымызда имамның жоқтығынан мешітке барушылардың қарасы күннен-күнге күрт азайып, бұның ақыры мешіт есігіне құлып салынумен  аяқталды. Тіпті уақыт өте келе жұрт мешіттің барын да ұмыта бастағандай. Кезінде бәрі айналшықтап шықпайтын мешіт сол күндері ой қырдағы көп мазардың біріндей қалқиды да қалды. Кешқұрым ауыл шетінен  түйелерді қораға айдап келе жатып алыстағы жалғызсыраған мешітке көз салғанымда менің де жан дүнием құлазып кететін. Мешіт ашылғанда жұрт қалай қуанып еді. Ал қазір солардың бірі де жоқ бұл мешітте. Осылайша бәрі ұмыт боп ауыл адамдары сол баяғы өліара тіршіліктің ағысымен байырғы сарынына қайта оралып күндер алға жылжи берді. Тек бір күні... Бір күні менің және мен секілді ауыл жастарының өмірін өзгерткен оқиға орын алды.

    Ыстық басылып қыркүйектің қоңыр салқынымен жаңа оқу жылына мектепке келгенбіз. Сыныпқа кірсем апай әлі жоқ екен. Ер балалар бәрі бір жерге үймелеп гүбір-гүбір әңгіме соғып жатыр. Менсіз басталған қызықты іштей қызғана кетіп қалың топтың ішіне менде кіріп кеттім. Өзге балалардан сәл пысықтау менімен көрші тұратын Мейрамбек сөйлеп жатыр екен: «Ауыл сыртында ойнап жүрсек мектеп директорының уазигінен қаладан келген  басына өзгешелеу тақия  киген, қолында бірнеше дорба бар  кісі түсті. Қызық көріп арттарынан аңди бастадық. Олар ешқайда бұрылған жоқ тіке директор ағайдың үйіне кіріп кетті, ‒ деді. Сөзді одан әрман Ғани жалғап: «Ааа...сен әлгі директор ағайдың жанындағы кісіні айтасыңба? Ол біздің ауылға аудан жіберген жаңа имам екен. Кеше әкем ертең ауылға имам келгелі жатыр деген» ‒ деді. Бұдан кейінгі әңгіме балалардың кезек-кезек қойған сұрақтарымен жаллғасты: бірі имам деген кім десе бірі қолындағы дорбасында не бар екен деп апай келем дегенше имамды сөз қылды. Іштей менде имамның қандай адам екеніне қызығып мектептен шыққасын соны көрмекті ойлап отырдым. Сабақ біте салысымен  балалар ойынға кетіп бара жатқанда мен әлгі Ғаниды ертіп имамды іздеуге кірістік. Жұрттан сұрастыра келе оның мешітте екенін біліп солай қарай тарттық. Баяғы мешіттің ашылуы болғаннан кейінгі бұл жерге екінші рет келуіміз. Мешіттің құлпы алынған екен. Ішке жәй кіре бергенімізде алдымыздан бір қолында мешіттің кілемі бар орта бойлы, көздері күлімсіреген, қоңыр тақиясы бар, жасы қырықтың шамасындағы бейтаныс кісі шыға келді. Бізді көре сап қолындағы кілемін жерге қойып ассалаумағалейкум батырлар деп амандасты. Біз де қол беріп көздерімізді тақиясынан алмай тұрмыз. «Еее... имам аға осы болды ғой» деп қоям іштей. Сөйтіп тұрғанымызда ол: «Ал балалар менің атым Қуат. Ауылдарыңа ауданнан келген имаммын. Бұйырса осы мешітте жұмыс жасап, сабақ беретін боламыз. Тек алдымен мешіттің тазалығын реттеу керек. Сендердің аттарың кім? Уақыттарың болса маған жәрдемдесіңдер», ‒ деді. Біз кезек-кезек аттарымызды атап, қолымыздың бос екенін айттық. Артынша имамның соңынан ілесе қолымызға шаңын қағу үшін бір-бір кілем алдық та артынан жүре бердік. Міне, Қуат ағамен алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Сол күннен кейін біз мектептен шыға сала уйге асығып, киімімізді ауыстырып мешітке имам ағаға жәрдемдесуге барып жүрдік. Имамның нұсқауы бойынша жүреміз. Ол әрқайсымызға әртүрлі жұмыс тапсырады. Күні-түні ойыннан көз ашпайтын балалар мешіттің ұсақ-түйек жұмысын жасап өзімізді ересектердей сезініп имамымыздың бізге жауапкершілік жүктегеніне іштей ризамыз. Бізбен бірге ауылдағы біраз балалар да мешітке баратын болды. Алғашқы бір-екі күн тазалық жасаумен өтті де үшінші күні имам аға біздің үйлерімізді  аралап әке-шешелерімізден біздің арасында мешітке дәріске жіберіп тұруларын өтінді. 

     Ол бізге танысқан күннен бастап жақын боп кетті. Әңгімесі де, жүріс тұрысы да ерекше, ауыл адамдарына ұқсамайды. Сөйлесе адамды өзіне баурап алып кетеді, күлсе тек көздері күлімдеп жимиып қана күледі, ал өзге біреу сөйлеп жатса мұқият тыңдап қашан ол адам әңгімесін бітірмейінше сөзін бөлмейді. Тағы бір ерекшелігі ‒ кей кездері кешқұрым бұрынғы теңіз жағасын аралап, ауыл қарияларынан қарт теңіз жайлы көп сұрай беретін және оның тартылып қалғанын ойлап қатты қынжылатын. Біз сол күндерден бастап мешітті үй мен мектептен кейінгі мекеніміз етіп алдық. Қуат аға бізге Құран әліппесін және уағыз айту үшін арнайы уақытын белгілеп қойды. Аязы қатты қақаған қыстың күндері де біз мешітке баруымызды тоқтатқан жоқпыз. Мешітке дәріс алу үшін балалардан бөлек орта жастағы кісілерде келіп жүрді. Ұстазымыз қыздарға да арнайы уақыт бөліп дәріс беретін болды. Осылайша менің және менің достарымның өміріне Қуат ағаның ауылға келуімен үлкен бір өзгеріс енді.

    Қара салқын күзбен аязы түкірігіңді жерге түсірмейтін қысты артқа тастап көктем де келіп жетті. Көктемнің келуіне ел қатты қуанса біз, ойын балалары, олардан бетер қуанатынбыз. Мектептен соң үйге тек киім ауыстыру мен шекер мен нан алуға ғана кіретінбіз де, қашан күнді ұясына батырып болғаннан соң барып, үй-үйімізге тарайтын едік. Соның арасында мешітке де баруға уақыт табатынбыз. Кейде мешіт ауласын ойын алаңына да айналдырып мектептен кейінгі уақытымыздың көбі мешітте өтетін. Ол күндері біз Қуат ағамен де етене жақын, әкелі-балалы жандардай қоян-қолтық араласып кеткенбіз. Бәріміз түгел Құран әліппесін тәмамдап әрқайсымыз өз еркімізше Құран оқи беретін деңгейге жеттік. Құран дәрісінен бөлек ол ақшам намазынан кейін мешітке жиналған жамағатқа уағыз айтатын. Біз болсақ  оған өзгелерден ерекше жақын екенімізді білдіргіміз келгендей жамағаттың алдында тура ұстазымыздың жанына отырып алатынбыз. Қолымызда ұстазымыздың үйреткен әдісі бойынша бір-бір қойын дәптерлеріміз болды. Ағамыздың әңгімелерін аузыннан шығар-шықпастан тез қағаз бетіне түсіріп отыратынбыз. Кейіннен сол қойын дәптердің біздің болашақта ажырамас серігімізге айналатынын біз ол кезде ойлап та жатпадық.

  Сол көктемнің жаймашуақ бір күнінде ұстазымыз қаладан оншақты талдың көшетін алып келді. Біз әдеттегідей мешіт сыртында асық ойнап жатқанбыз. Алыстан ұстазымызды көріп, жәрдемдесуге жүгіре жөнелдік. Ол бізді көргенде қуанып, қолымызға бір-бір тал көшетін беріп мешіттің ауласына келдік. Содан ол бірімізді күрекке жұмсап, бірімізге шелекпен су әкелуімізді тапсырып ә дегеннен бәріміз қызу тал егу жұмысына кірісіп кеттік. Әр жерде бір көрінер-көрінбес қалқиған бірен-саран тал болғанмен ағаш өсіріп мәпелеу біздің ауыл адамдарының дағдысы емес еді. Сондықтан ағаш отырғызу біз үшін қызықты бір жаңа ойын түрі секілді көрінді. Көп уақытқа дейін біз өз қолымызбен еккен талдарымызды айналшықтап шықпайтын болдық. Қайта-қайта су құйып бұл шыбықтардың қашан үлкен саялы тал болатынын көруге ынтық боп жүрміз.

   Жас шыбықтар үлкен тал болып жайқалып өсті. Ауылға келе жатқанда ең бірінші көзге біз өсірген осы талдар мен жанындағы мешіт түсетін болды. Мешіт бұрынғы мешіт емес. Таңертеңнен кешке дейін қызу тіршілік қайнап жатады. Құран жаттап жүрген балалар, имамнан көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алуға келгендер, марқұм болған туыстарына Құран бағыштағалы жүрген жандар, тіпті еш себепсіз тек имаммен дидарласып әңгімесін тыңдап кетуге келетіндер де бар еді. Бір күні жамағат боп  бесін намазынан соң ұстазымыздың уағызын тыңдап отыр едік, кенет сырттан гүрс еткен қатты бір дыбыс шықты. Бәріміз шошып далаға атып шықтық. Мешіт ауласындағы  қаз-қатар тізілген талдарға машина соққан екен. Сөйтсек көлікті енді үйреніп жүрген Дәурен деген жігіт абайсызда рульді басқара алмай екі талдың арасына кіріп кетіпті. Бір талды жапырып, жанындағы талға кеп соққан екен. Көліктің алды екінші талға кіріп кеткен. Апат болған жерге демде бір тобыр адам жиналып қалды. Бәрі көлікті қозғап екі талдың арасынан шығармақшы боп жатыр бірақ ешқандай нәтиже жоқ секілді. Артынан да қапталынан да өңкей ауылдың қарулы жігіттері де қозғап көріп еді ештеме өнбеді. Сол арада арамыздағы бір кісі мына екі талды кесейік сонда көлік оп-оңай шығады деген кеңес айтты. Бәрі сол пікрді мақұл көріп ара іздей бастағанда топ арасынан Қуат ұстазымыз шығып бұған түбегейлі қарсы болды.

    ‒ Жоқ бұлай болмайды. Талды мына балалар қаншама уақыт бойы мәпелеп өсірді емеспе?! Қазір бұл талдарда тіршілік бар. Жаны барды өлтіру біздің әдет емес. Бойына су жүріп, жапырағы жайқалып тұрған бұл талдардың маңы әне-міне дегенше саялы орынға айналады. Одан да көлікті шығарудың басқа амалын қарастырайық, ‒ деді ұстазымыз. «Тәйірі бұл ағашта тұрған не қасиет бар дейсің кесе берейік» дегендер болды бірақ ұстазымыз ешқандай сөзге келмей тұрып алды. Ақыры жамағат көлікті өзге көлікке троспен жалғап тартып шығаратын боп келісті. Іс біткен соң  адамдар тарқап жатты. Ал Қуат аға болса әлгі зақымданған талдардың жанынан кетер емес. Киіздің жыртындыларымен көлік соққан жерлерін таңып жатқанын көргенде мен ұстазыма қарап таңғалған едім. Соққы тиген талдарға құдды бір жарақат алған тірі жанға көмек көрсетіп жатқандай қарап жатыр. Әлгі айтқан сөздері әлі санамда жаңғырып тұр: «Талды мына балалар қаншама уақыт бойы мәпелеп өсірді емеспе?! Қазір бұл талдарда тіршілік бар. Жаны барды өлтіру біздің әдет емес»...
     Қуат ағамыз ауылда біраз жыл қызмет етті. Жұмыс бабымен Алматыға көшетінін есіткенімізде шәкірттері бізге қатты ауыр тиді. Ауылдан кетерде әр шаңырақ қонаққа шақырып  құрметті имамдарына барынша сый көрсетіп шығарып салды. Ауыл тұрғындары расымен ұстазымызға бауыр басып қалған еді. Оны қашан көрсек те жанына оның керемет әңгімелерін тыңдағысы келген жұрттан босамайтын. Қалаға қайтарда біз жүктерін көтерісіп жолға дейін ағамызбен бірге бардық. Қашанда мүбарак жүзі күлімсіреп тұратын ұстазымыз бізді қайта-қайта бауырына қысып, басымызды сипап Құранды үнемі оқып жүруімізді және мешітке жиі барып тұруымызды насихат етті. Біз болсақ ұстазымызға қал деп айта алмай ол сөйлегенде басымызды шұлғып қана тұрдық.
     Қуат ұстаз ауылдан кеткен жылы мен де мектеп бітіріп, Астанаға жоғарғы оқу орнына тапсырдым. Оқуда жүрген жылдарымда ауылды сағына бастағаннан бірінші боп ардақты ұстазым мен мешіт ойға оралатын-ды. Расында оның берген тәлім тәрбиесі маған өмірлік азық болды. Сондай кеудемді сағыныш кернеген сәттері мен баяғы қойын дәптерімді парақтай бастайтын едім:
 - Нағыз адам қандай жағдайда болса да, өз шелегіне сүт сауған кезде, басқалардың да шелегін бос қалдырмайды.
- Кемел адам және адал дос жәһаннамнан шығарда және жәннатқа кірердің өзінде «алдымен сіз өтіңіз» деуді білген жан.
- Адам өз кемшіліктерін айыптаушы, ал басқалардың кемшіліктері туралы сөз қозғалғанда, олардың қорғаушысы болуы тиіс.
- Адамдардың жүрегін жаулап алудың ең маңызды бір жолы үнемі оларға жақсылық жасау.
- Адамдарға бақыт сыйлау жолындағы қаһармандар соғыс, жанжалдан алыс болуы керек. Олар әрбір жүректегі имансыздық отын сөндіру жолында аянбай қызмет етулері керек.
- Қазіргі адамзат том-том кітаптарға, ғажап философиялық пікірлерге емес, қартайған жер бетін соңғы рет шаттыққа бөлейтін, өзінен гөрі өзгелерді көбірек ойлайтын нағыз ізгі қаһармандарға мұқтаж.
- Әлемді түзу жолға салғысы келгендер алдымен өздерін түзетулері керек, ‒ деген мағынасы терең, мәні зор қанатты сөздер мені қашан оқымасам да толқытпай қоймайтын.
    Бір күні университетімізді хабарландырулар тақтасынан републикалық үлкен конференция болайын деп жатқанын оқып қалдым. Арнайы шақырылған қонақтар тізімінің арасында менің сүйікті ұстазым Қуат имам да бар екен. Оның жақын арада қаламызға келетінін білгенімде менің жүрегімді ерекше қуаныш кернеді. Иә, үш-төрт жыл көрмеген ұстазымды қатты сағынған едім. 
     Көптен күткен конференция да басталды. Мен жиналыс болған үлкен залдың алдында ертерек барып қонақтардың шығуын күтіп тұрдым. Жоспар бойынша түскі үзіліс кезінде ғалымдар ас ішуге барады. Ұстазым мені алыстан көзі шалып, менің күтіп тұрғанымды көріп жүрісін тездетті. Мен де оған қарай асыға қадам бастым. Екеуміз құшақтасып, есендік сұрасып болған соң, тыныш бір жерге барып отырдық. Әңгіме ауыл жағдайын сұрасуымен басталып қала берді менің оқуым, алдағы жоспарларым жайлы және өзінің де Алматыда немен айналысып жатқандығы жайында өрбіді. Әңгіме арасында мен жазғы демалыста түсіріп әкелген мешіт суретін ұзтазыма көрсеттім. Жалаң ауылының өзіне таныс мешітін және жанындағы бір топ үлкен саялы талдарға айналған ағаштар және соның саясында Құран оқып отырған шәкірттердің суретін көргенде ұстазым біраз уақытқа дейін үнсіз суретке қарап отырды. Білем бұл сурет оны ерекше толқытып, іштегі сағыныш отына май құя түсті. Сол сәтте ұстазымның көзіндегі жасты көрдім. Кезінде өзі сабақ берген мешіт шәкірттерінің бұл кезде саны көбейгенін және жанындағы өзі мәпелеп өсірген жас шыбықтардың бұ кезде саялы тал болғанын көріп мүбарак ұстазымның көзін жас шайып кеткен еді. Көптен көрмеген ұстазыммен қауышып, бала кезіміздегі  мешітте өткерген шуақты күндерім көз алдыма келіп  менің де жанарым буланды. Мешіттің суретімен қоса ұстазыма бір үлкен жаңалығым бар еді. Ол суретке қарап отырған кезінде мен Арал теңізінің қайта тола бастағанын айтқым кеп асығып отырдым.

 

[1] жертөле ‒ жерқазба. Жерді қазып, үстін жапқан баспана.

 

 

                                                                                                                     azan.kz сайты

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 лет назад 8006
6 комментариев
О блоге
0
20359 161 281 158 165