Құран қиссалары жайында
Құран қиссалары жайында

Құран қиссалары жайында

   Адамзатты надандық шырмауынан құтқарып, қараңғылықтан нұрға бастау үшін жіберілген қасиетті Құран Кәрім шешендік пен даналықтың алтын көмбесі іспетті. Алла тағаланың адамзат үшін жіберген ең соңғы кітабы Құран адамзатты тура жолға бағыттауда тек өз бойына қасаң қағидалар мен бұлтармас ережелерді ғана жинап қоймаған. Қасиетті Құран адамзаттың кемелдікке жеткізуде, рухы шөліркеген пендеге, қиын қыстау заманда күрмеуі қиын істің шешімін таба алмай дал болған адамға насихат пен үкім берерде кереметтей әдістер қолданады. Мәселен кейде Құран Кәрім  аяттары қияметте болатын жағдайларды айтып адам төбесінен қара бұлт төндіріп жаңбырша құйып, бұршақ боп жауса, кейде қасиетті Құран аяттары құйын боп жүйткіп қалғып-мүлгіген адамды бір есін жиғызып алады. Ал кейде екі дүние бақытына кенелтер кітап Құран аяттары адамзатқа тозақты, ондағы жантүршігерлік  азаптарды айтып  пәни дүниенің ләззаттарынан жирендірсе кейде жұмақты және жұмақтықтардың хал-жағдайларын баяндап адамның көңілін жадыратып сол бір бақ мекеніне ынтызар етіп қояды. Ал кейде Алла тағала қасиетті Құранда бізге дейін өмір сүрген қауымдардың басынан өткерген тарихын, Хақ сүйіктілері ардақты пайғамбарлардың ізгілік жолында мехнатты да тәтті  өмірлерін, адамдардың арасында тақуалықтың  туын желбіреткен әулиелердің өнегеге толы ғұмырларынан құралған қызықты әрі даналыққа толы қиссаларды баяндау арқылы бізге көркем түрде парасат пен даналық дәрістерін ұқтырады. Иә, қасиетті Құран қиссалары адамзатқа насихат беруде, өмір шындығынан сабақ алуда ең көркем жол болып саналады. Адам күллі әлемді жоқтан бар еткен Алла тағаланың сансыз нығметтеріне шүкір етпей күпірлік етіп, жіберген елшілерін өлтіріп, түрлі азғындықтарды жасап ақыр соңында ауыр апатқа ұшыраған қауымдардың істеген істерінен сақтанып, Құран келтірілген әулиелер өміріне еліктеп ғұмырларын Хақ тағала көрсеткен ізгілік бояуларымен әрлейді.

                                          

                                         Құран қиссаларының түрлері

 Ғалымдар Құрандағы қиссаларды былайша үш түрге бөліп қарастырады:

1. Пайғамбарлар қиссасы. Қасиетті Құран Кәрімде ардақты пайғамбарлардың өз қауымдарына жасаған үгіт-насихаттары қалай жүзеге асқандығы, пайғамбарларға көмектескендің іс-әрекеттері, пайғамбарларға қарсы келгендер, пайғамбарлардың үмметтерімен бірге тартқан тауқыметтері жайында көптеген мәліметтер бар. Мысалы Құранда Адам (а.с), Нұх (а.с), Ибрахим (а.с), Жақып (а.с), Жүсіп (а.с) секілді бас-аяғы жиырма бес пайғамбардың аты аталып хикаялары баяндалады. Тіпті кейбір сүрелерде пайғамбардың атымен аталып, бір сүре толықтай сол пайғамбардың қиссасына арналатын тұстары да бар. Оған «Юсуф» сүресіндегі Хазіреті Юсуфтің (а.с) қиссасы дәлел бола алады.

2. Пайғамбарлығы белгісіз немесе пайғамбар емес әулиелер мен түрлі заманда өмір сүрген қауымдар жайлы қиссалар. Қиссалардың бұл түріне Үңгір иелерінің, Ұхдуд қауымының, Фил оқиғасы, Зұлқарнайын (а.с), Қыдыр (а.с) секілді қауымдар мен жеке тұлғалар жайлы қиссалар жатады.

3. Қос дүние сардары пайғамбарымыздың (с.а.у) заманында орын алған оқиғалар. Мысалы Бәдір, Ухуд («Әли Имран» сүресінде) Хунайн, Тәбук («Тәубе» сүресінде)  және «Ахзаб» сүресінде келген Ахзаб соғыстары жайлы оқиғалар мен һижрет, исра жайлы қиссалар осы түрге жатады.

 

                                           Құран қиссаларының ерекшеліктері

1.  Қасиетті Құран Кәрім қиссалары ең бастысы өзінің ақиқаттылығымен  ерекшелінеді. Себебі бұл қиссалар Жартушы Жаббар Иеміз Алла тағаланың өзі жіберген Құран Кәрімнің ішінде. Ал басқа қиссалардың өтірік шыны мен болып-болмағанына күмән болуы мүмкін. Олардың анық болғанына кесімді түрде ешкім куәгер бола алмайды. Ал Құран Кәрім жайлы әңгіме мүлдем басқа. Бұл ақиқат Құранда былайша айтылған:

(87 وَمَنْ أَصْدَقُ مِنَ اللَّهِ حَدِيثًا    (سورة النساء 

«Алладан артық кімнің сөзі дұрыс болушы еді?». (Ниса сүресі, 87-аят)

2. Құран Кәрім қиссалары мазмұнының тереңділігімен және көркемділігімен ерекшелінеді. Алла тағала қасиетті Құранда тек қиссалардың ең  жақсысын жинақтаған. Қасиетті кітабымызда  Алла тағала өзі баян еткен қиссаларды «ахсанул қасас» яғни «қиссалардың ең көркемі» деп атаған. (Юсуф сүресі) Расында ғибратқа толы пайғамбарлар қиссасы, қауымдардың басынан өткергендері тағы басқа хикаяларды оқып әрі сол аяттарға берген ғалымдардың түсіндірмесіне қарай отырып расымен Құран қиссаларының ең көркем екендігіне көзіміз жете түседі.

3. Құранда баяндалған оқиғалар болған уақыты мен кезеңдері тарих кітаптарындай тізбектеліп отырмайды.  Таурат пен Інжіл секілді тарихи оқиғаларды бірінен-бірін тізбектеп отыру Құранға жат. Құран күллі адамзат тарихындағы ең маңызды, бізге ең керекті теріп өнегеге толы хикая етіп берген.

        

                                         Құран қиссаларының пайдалары

1. Қасиетті Құран қиссалары бізге ардақты пайғамбарлар дағуасының яғни уәзипасының негізін түсіндіреді. Қиссаларда пайғамбарлардың барлығының жер бетіне не үшін жіберілгені, қауымдарымен қалай қарым-қатынас жасағандары айтылады.

وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلاَّ نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لا إِلَهَ إِلاَّ أَنَا فَاعْبُدُونِ    (سورة النبياء 25)

 «(Уа, Мұхаммед!) Біз саған дейінгі пайғамбарларды жіберіп оларға «менен басқа Тәңір жоқ. Тек маған ғана табыныңдар» деп уахи еттік» (Әнбия сүресі,25-аят) деген аят пайғамбарлардың жер бетіне тек бір мақсатта жіберілгендігі анық айтылған.

2.  Алла тағала Құран Кәрім қиссалары арқылы екі дүние шамшырағы пайғамбарымыз (с.а.у) және оның үмметінің жүрегін тыныштандыру үшін де жіберген.  Яғни ардақты пайғамбарымыз (с.а.у) түрлі қиындықтарға ұшырағанда Жаратушы Жаббар Иеміз Алла тағала өзіне дейінгі пайғамбарлардың басынан өткенін баяндап әрбір қиындықтардың артынан жеңілдік келетінін, әрбір сынақтардың арты сауаптарға толы екенін білдіріп жүрегін тыныштандыруды көздеген.   «Һуд» сүресінде      Алла тағала:

    سورة هود   120)  وَكُلاًّ نَّقُصُّ عَلَيْكَ مِنْ أَنبَاء الرُّسُلِ مَا نُثَبِّتُ بِهِ فُؤَادَكَ وَجَاءَكَ فِي هَذِهِ الْحَقُّ وَمَوْعِظَةٌ وَذِكْرَى لِلْمُؤْمِنِينَ)

«Біз сенің жүрегің тынышталуы үшін пайғамбарлар жайлы хабар бердік. Бұл ақиқаттарда (астарында) мүминдер үшін уағыз (терең мағына) бар». (120-аят)

3.  Құран қиссалары ғибраттар мен көркем өнегеге толы. Нағында бұл қиссалар бір жәй қызыққа немесе уақыт өткізу үшін баяндалған нәрсе емес. Құран қиссалары оқыған адамға әсер етпей қоймайды. Құран Кәрім бұл шындықты:

   (111 لقَدْ كَانَ فِي قَصَصِهِمْ عِبْرَةٌ لِّأُولِي الأَلْبَاب   (سورة يوسف

«Ақыл иелері үшін пайғамбарлар қиссаларында мол ғибрат бар...»,-деп нақтылаған. (Юсуф сүресі 111 аят)

     Жоғарыда келтірген сөздерімізде Құран қиссаларының қаншалықты маңызды екенін және адамға берер пайдасының орасан зор екенін жеткізуге тырыстық. Олай болса Жаратушымыз Құран Кәрімде келтірген өнегеге толы қиссаларын оқып, одан тиісінше ғибрат алу барша мұсылманның міндеті. Алла тағала баршамызды өзінің баяндаған қиссаларынан үлгі алып, оның қойған межесінен бір елі аттап баспайтын мұсылман боп және өле-өлгенше пайғамбарымызға (с.а.у) лайықты үммет болуды жазғай. Әмин!

 

 

 

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
10 лет назад 8191
0 комментариев
О блоге
0
20359 161 281 158 165