Һижра жыл санауының он тоғызыншы жылы болатын. Хз. Омардың (р.а) халифалық тұсы. Ол кез мұсылмандардың нағыз күшіне мінген кезі-тін. Əлем мұсылмандармен санасатын, Ислам діні араб түбегінен əрі асып, мұсылман əскері сəт сайын жеңістен жеңіске жетіп дүркіреп тұрған заман еді. Сол жылы хз. Омар (р.а) мұсылмандар əскерін көрші жатқан алып держава, атағынан ат үркетін Рум империясына жорыққа аттандырады. Мұсылмандардың əскері өздеріне қарай шабуылға келе жатыр деген суыт хабар Рум патшасы Қайсарға (Қайсар-Рум патшасының лақаб аты) əп сəтте жете қояды. Мұсылмандардың сол кездегі атақ-абыройына əбден қанық патша əскеріне дереу атқа қонуды бұйырып əскербасыларына арнайы бір тапсырма береді. Ол тапсырма-шайқас кезінде мұсылмандардың қолға түскендерін тірі күйінде алдына əкелу еді. Мақсат мұсылмандардың қайсарлығы жайлы бұрыннан сырттай еститін осы жолы мүмкін болса олармен көзбе-көз кездесіп, сынап, олардың батырлығы жайлы айтылатын əңгімелерге шын көз жеткізгісі келді. Сонымен не керек белгіленген уақытта, белгіленген жерде қанды қырғын шайқас болады. Қайсар патшаның тілегі орындалып Рум əскері бір топ мұсылмандарды тұтқындап патшаның құзырына жеткізеді жəне əскербасылар патшаларына тұтқындар арасында Мұхаммедке (с.а.у) ең алғашқы боп ергендердің санатынан, атышулы Абдулла ибн Хузафаның (р.а) да барын айтқан. Рум патшасы бір топ мұсылман тұтқындарының арасынан ерекше көзге түсіп тұрған өткір көзді Абдулланы дəргейіне келтіріп өжет сахабаға ойлы көзімен ұзақ қарап тұрды. Арада біраз үнсіздік орнағаннан кейін патша бірінші боп сөз бастайды:
-Байқаймын, көзіңде от бар екен. Атыңа да сырттай қанықпыз. Саған бір ұсыныс жасағалы отырмын,-дейді.
Абдулла (р.а) басын тік көтеріп: Қандай? - деп патшаның көзіне көз қадайды.
-Егер дəл қазір христиандықты қабыл алсаң өзіңді еркіңе қоя беремін, - дейді патша дініне беріктігін сынамақшы боп.
-Оның мүмкін емес,-дейді Абдулла (р.а):
-Алланың атымен серт, сенің ұсынысыңнан гөрі өлім мен үшін мың есе қайырлы.
Сонда патша:
- Егер христиандықты қабылдасаң сені өзіме уəзір етіп сенімен билігімді бөлісемін,-дегенде батыр сахаба сəл жымиып: -Маған өзіңнің бар иелігіңді жəне де бүкіл араб жерін қол астыма берсең де Мұхаммедтің (с.а.у) дінінен қайтпаймын,-деп жауап береді.
-Ендеше өлдім дей бер.
-Не істеймін десең де өз еркің!
Сол кезде патша қарамағындағыларға Абдулланы (р.а) ағашқа байлап, қол-аяғын садақпен атып қорқытуды бұйырады. Сəлден соң ойнынан айныған болар деп тағы бір мəрте ұсынысын айттырса, батыр сахабадан бұрынғыдай жауап алады. Амалы құрыған патша бұл жолы басқа бір тəсілге көшеді. Жандайшаптарына үлкен қазан алдырып ішіне май, астына от қойдырып Абдулланың (р.а) көзінше екі мұсылманды алдыртады да екеуінде бірдей қазанға тастауды бұйырады. Қазанға түскен мұсылман тұтқындардың еті майға шыжғырыла бастағанда бəрі мына бір жан түршігерлік көріністен кейін ойынан айныған болар деп Абдуллаға қараса, оның бетінен қорыққандықтың белгісі білінбейді. Дымы құрып, салы суға кеткен патша Абдулладан (р.а) күдерін үзіп оны да қазанға тастауды бұйырды. Жаналғыштар Абдулланың (р.а) жанына бара бергенде кенеттен оның жылап жатқанын байқайды да дереу патшаға хабар береді. Осы жолы айтқаным болды ғой деп қуанған патша: Не болды, христиандықты қабыл аласың ба?, - десе Абдулла (р.а) бұрынғыдан да өктем үнмен:
- Жоқ!- деп жауап береді. Қуанышы су сепкендей басылған патша: Қарғыс атқыр енді неменеге жылап отырсың,-дейді ашуға мініп. Сонда саңлақ сахабаның берген жауабы мынадай еді: Мен қазір бір-ақ рет Алла жолында отқа тасталайын деп тұрмын. Əттең менің денемдегі қылдың санындай жаным болса етті жəне сол жандарымның бəрі дəл осылай Алла жолында отқа тасталса ғой.
Патша ержүрек сахабаның мықты екеніне көзі жетсе де одан дəл осындай жауап естимін деген еш ойына кіріп шықпапты. Тіпті ақылға қонымсыз. Өмірінде қанша батырларды, небір жанкешті сардарларды, талай діндарларды көрді бірақ Алласы мен пайғамбары үшін дəл осындай қадамға баратын адамды бірінші рет кездестіруі. Шынымен тəнті болған. Сөйтті де Абдуллаға (р.а) қарап тұрып:
-Жарайды мықтылығыңды мойындайын. Ал бостандыққа шығу үшін менің басымнан сүюге қалай қарайсың, - дейді. Абдулла (р.а) да мүмкіндікті қалт жібермей:-Менімен бірге барлық мұсылман тұтқындарын босатам десең дегенің болсын, - деп тек өзін емес өзгелерді де құтқаруды ойлайды. Өзімен бірге қаншама мұсылман тұтқынын аман алып қалатын болса патшаның басынан сүю дегенің не тəйірі. Одан ештемесі кеміп қалмайды. Жаналғыштар қол-аяғын босатқан кезде Абдулла (р.а) төмен еңкейіп патшаның басынан сүйеді.
...Абдулла ибн Хузафа (р.а) бастаған бір топ мұсылмандар Мадинаға жетем дегенше олар жайлы хабар қалаға олардан бұрын жетіп үлгерген еді. Батыр достарының ерлігіне бəрінен де қатты қуанған хз. Омар (р.а) болды. Олардың қалаға кіруін тағатсыздана күтті. Абдулла (р.а) жəне өзге серіктері қалаға кірген бойда бəрі олармен аман-есен қауышқандарына мəз-мейрам боп жатты. Көп ұзамай халифа да келіп Абдулламен (р.а) амандасып, қымбатты досын біраз уақыт құшақтап тұрды да мұсылмандарға қаратып: Уа, жамағат! Хузафаның ұлы Абдулланың (р.а) басынан сүю барлық мұсылманға міндет жəне бұл істі құрметпен мен бірінші боп жасаймын,-деді де Абдулланың (р.а) басынан сүйеді.
Міне, «Алла оларға разы болған, олар да Аллаға разы болған» ("Тəубе" сүресінің 100-аяты) Пайғамбарымыздың (с.а.у) ардақты достарының бір-біріне деген құрметі, сүйіспеншілігі осындай болған. Олардың бірін-бірі құрметтегені сонша бір-бірінің бастарынан сүйетін-ді. Қазіргі бақсының құмалағындай жан-жаққа бытырай шашылған, бірінің қуанышына бірі қуана алмай, бірінің мұңына бірі ортақтаса алмай отырған мұсылман үмметінің тіршілігіне куə боп отырып сондағы саңлақ сахабалардың өмірлері ертегідей боп көрінеді екен.
Болашақта осы оқиғаның əрбір сəтін оқырман көзбен көріп тұрғандай, жан дүниесімен сезінетіндей етіп суреттесең, ғажап туынды болар еді.