Алматы-Шаржы рейсі.
Ұшаққа өмірінде бірінші рет мінген Ақниет әуежайға келгелі айналасына таңырқап жүр еді, салонға жайғасқанда тек араб елдерінің ұшақтарында ғана айтылатын «сапар дұғасын» естігенде тіпті қатты таңғалды. Ұшақпен алғаш ұшу өміріндегі есте қаларлықтай сәттерінің бірі. Қалай болар екен? Жұрттарға қарап Ақниет те қауіпсіздік белдігін тақты. Ұшақ қозғала бастады. О, тоба оңай нәрсе емес екен. Ұшақ ә деп орнынан қозғала бастағаннан-ақ бағанағыдай айналасына таңғалып жалтақтауын қойды. «Ұшақта адамдар тек бір Құдайға ғана табынады» деген достарының сөздері рас екен. Толқиды екенсің...
Ақ қанатты ұшақ бұлт арасына сіңіп, қалыпты жылдамдығына түскенде барып Ақниет жан-жағына қайта көз тастай бастады. Ұшақ көтерілгенде ойға шомып кеткен екен, қараса жанында өзі тетелес бір қазақ жігіті отыр. Ол да Ақниетке бір-екі рет қарағаннан кейін әңгімені бастап кетті.
- Есімім Аңсаған болады. Әкем нені аңсағанын білмеймін әйтеуір мен туылғанда ешкімге жеңістік бермей атымды Аңсаған қоямын деп тұрып алыпты. Жә, оны қойшы өзің де мен секілді ұшаққа бірінші рет мінгендігің көрініп тұр. Бұйырса межелі жерге де жетерміз. Оған дейін жол қысқарсын әңгіме айтайық,-деп сөзді одан әрі жалғап кетті:
- Алматы-Шаржы транзиттік рейс. Бұл ұшақтағылардың барлығы бір жерге бара жатыр деген сөз емес. Шаржы тоғыз жолдың торабы. Мына ұшақтағылар Шаржыға жеткенде әрқайсысы мақсат-мұратына қарай әртарапқа жол тартады. Па, шіркін мен де осы сапарды қаншама жыл ұзақ күткен едім. Зарыға аңсаған едім. Енді міне қол жеткіздім. Арманым орындалып төбем көкке бір елі жетпей тұр. Осыған дейін қаншама жыл осы сапар үшін бар тапқан-таянғанымды ыңғайын тауып жинадым. Енді сол маңдай термен тапқан байлығымды сол жақта емін-еркін кәдеге асырып, дүниеде кез-келген адамға бару бақыты бұйыра бермейтін бақ мекенінде болып қайтсам арманым жоқ. Ол жаққа барып келгендер көрген кереметтерін айтқанда аузыңның сілекейі кұриды. Менің де сол жаққа барғым келіп емешегім езіліп, есіл-дертім ауып тұр. Жеткенше асықпын ол жаққа. Шіркін-ай десеңізші ол жақта мәңгіге қаласың десе де ойланбастан келісер едім.
- Міне керемет! Менің де жағдайым дәл сенікіне ұқсайды екен,-деп келесі сөз тізгінін Ақниет алды.
- Менде осы сапарды ес білгелі армандап келемін. Сен сияқты менде қаншама жылдан соң енді қол жеткізіп отырмын. Ол жаққа баруды маған дейін ата-бабам да армандапты. Бірақ ол кезде ұзақ сапар бәріне бірдей бұйыра бермеген. Мен де ол жаққа барып жаны рахатқа бөленіп келген адамдардың көп әңгімелерін тыңдағам әрі әлі көрмеген сол бір бақ мекеніне деген жүрегімде ыстық махаббат орнаған. Жұмысқа тұрып азын-аулақ табыс таба бастағаннан-ақ осы сапар үшін тірнектеп тиын жинап ақыры Құдай тілегіме, адал ниетіме сый ретінде осы бақты нәсіп етті ме деймін. Сол жаққа жеткенше тағат табар емеспін мен де. Дариға-ай, арманымның орындалғанына сенер емеспін. Құдды бір қымбаттыма, ғашығыма қонаққа бара жатқандай асығудамын. Маған да сол жақта қалған ғұмырыңды өткізесің десе ләм-мим деп сөзге келмей келісер едім. Ол жаққа барғанда арманда бармағанда арманда...
* * *
Міне, түнгі Шаржының көптен күткен, шамдары жалт-жұлт жайнаған әуежайы да көрінді. Аңсаған айтпақшы туған жерлерінен бір ұшақпен келген жолаушылар арман-тілек, мақсат-мұраттарына қарай дәл осы жерде сан-саққа жол тартады. Ақниет ақ ниетімен тілеген дұғасы қабыл болып Шаржыдан Джиддаға одан әрі Қасиетті Мекке шаһарына қажылық сапарына аттанбақшы. Ал Аңсаған болса аңсаған арманына жетіп Шаржыдан үлде мен бүлдеге оранған Дубай қаласына апаратын ұшаққа отырды.
Роман Бұрқаш islam.kz; 2014 жыл