Қадір түні қашан?
Қадір түні қашан?

Қасиетті Рамазан айы Жаратушы Жаббар Иеміздің өзі "махаббатпен жаратқан" адамзат баласы үшін тарту еткен ерекше сый іспетті. Мүмін пенде Жаратушысының тарапынан берілген бұл  ұлы тартуына аса құрметпен қарары сөзсіз. Ал осынау айлардың сұлтаны болған Рамазан айында қасиетті Қадір түнінің болуы Алла Тағаланың құлдарына деген ерекше мейірімін тағы да  бір аңғартса керек. Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін ерекше ай, ал соның ішіндегі Қадір түніде өзінің қасиеттілігімен олардың өмірінен ойып тұрып орын алары анық.

Қадір түні қамшының сабындай аз ғана ғұмыры бар адам  баласы үшін құлшылық жасап, көбірек сауап жинауына берілген, "мың айдан да қайырлы" қасиетті түн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаладан: "Уа, Жаратқан! Менің үмметімнің ғұмырлары қысқа, құлшылығы аз", –деп жалбарынғанда Хақ Тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне осы түнді тарту еткен.

Иə, Қадір түніне мұсылман адам бей-жəй қарамауы тиіс. Бұл түн адамдардың келесі жылғы өмірі мен өлімі, ризық-несібесі, тағдыры белгіленетін түн болғандығымен де ерекшеленеді. Сондықтан Ислам ғұламалары кімде-кім осы түнді құлшылықпен өткізетін болса болашағының да жақсы жағына қарай өзгеруіне сеп болуы мүмкін екендігін де алға тартады.

Жалпы Қадір түні жайлы айтыла бастағанда адамдар арасында оның қашан болатындығы сөз болады.  Осы орайда, сол "мың айдан да қайырлы" түннің Рамазан айының қай түніне сəйкес келетіндігіне тоқтала кетейік. Жалпы, Құран мен сүннет жəне Ислам ғұламаларының пікірлеріне сүйене отырып Қадір түнінің нақты қай түн екенін төмендегідей үш бөлімге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші, жалпы Қадір түні Рамазан айында екені бəрімізге белгілі. Ал сол Қадір түні рамазанның қай күні екендігін баяндайтын сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері өте көп. Айша анамыз (р.анһа) Ақиық елшінің (с.ғ.с.): "Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдер", – дегенін жеткізген («Сахих әл-Бухари»). Осы жəне осы мəндес Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерін талдай отырып ғұламалар Қадір түні Рамазанның соңғы он түнінде əсіресе тақ түндеріне сəйкес келуі мүмкін екенін айтады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың өзі де (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күнін мешітте иғтикафта өткізген.

Екінші, тағы бір көзқарас, Ислам ғұламалары жоғарыда айтылған хадистер мен өзге де ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінде соның ішінде тақ күндері һəм соның ішінде Рамазан айының 27-ші жұлдызына сəйкес келеді деп есептейді. Олардың бұл пікірді алға тартуына өзіндік бір дəлелдері бар. Қадір түні жайлы айтылған Құрандағы "Қадір" сүресі отыз сөзден тұрады. Бұл құдды бір рамазан айының отыз күні іспетті. Ал сол аталмыш сүредегі қадір түнін нұсқайтын "һиа" сөзі сүренің жиырма жетінші сөзі екен. Жəне де "Қадір" сүресіндегі қадір түні деген мағынаны беретін арабша "лайтатуль қадр" сөзі тоғыз əріптен тұрады əрі бұл сөз сүренің үш жерінде кездеседі. Ал тоғызды үшке көбейтсек жиырма жеті болары анық. Осы екі математикалық тəсілді қолданып ғалымдар Қадір түнін Рамазан айының жиырма жетінші түніне сəйкес келуі мүмкін дейді. Бұл бір жағынан Қасиетті Құран аяттарының керемет математикалық дəлдікпен орналасқанын білдірсе керек.

Осы орайда, елімізде де Қадір түні ресми түрде Рамазан айының жиырма жетінші жұлдызында күтілетінін айта кеткен жөн.

Үшінші реттегі көзқарас, ғалымдар Қадір түнінің қай түн екендігі Құран мен сүннетте нақты белгіленбеген деп есептейді. Расымен, ғаламның Рақым нұрының (с.ғ.с.) ғибратты өміріне көз жүгіртсек Оның (с.ғ.с.) сахабаларына соқырға таяқ ұстатқандай "міне мына түн Қадір түні" деп көрсетіп кеткен тұсы болмаған. Ғұламалар мұның астарын мүмін пенде Рамазан айының барлық түнін "бəлкім осы Қадір түні шығар" деген үмітпен өткізуі керектігімен байланыстырады. Иə, егер Қадір түнінің нақтылығы белгілі болса мұсылмандар сол түнді ғана ғибадатпен өткізіп Рамазанның қалған түніне немқұрайлы қарап кетуі мүмкін еді. Қадір түнінің қай түн екендігі  нақты белгісіз болуы əр күнін оразамен өткізген мұсылманның əр түнін де құлшылықпен өткізу керектігіне ишара болса  керек.

Жалпы Ислам дінінде құлшылықтар уақытпен тығыз байланысты. Мəселен намаз, зекет, ораза, қажылық секілді үлкен құлшылықтардың белгілі атқарылатын уақыты бар. Дегенмен, Жаратушы Жаббар Иеміздің кейбір маңызды жайттардың уақыттарын белгісіз етуі де мұсылман адамды бей-жəй қалдырмауы ләзім. Мəселен, қиямет күнінің қай кезде болатыны, адамның ажалы қай кезде келетіні белгісіз. Сондықтан осы нəрселерге мүмін пенде үнемі ықтияттылық танытуы тиіс. Сөзіміздің соңында ертеректе өмір сүрген Ислам ғұламаларының мына бір сөздерімен аяқтағанды жөн көрдік:

"Алла Тағала мына бір маңызды мəселелердің ішіне тағы бір маңызды нəрселерді жасырып қойған:

– Алла Тағаланың көптеген көркем есімдерінің ішінде бəрінен ұлық бір есімі жасырылған. Кімде-кім сол есімді айтып Хаққа қол жайса дұғасы қабыл болады. Бұл дегеніміз адам Алланың барлық есімімен дұға етуі керек екендігін білдіреді.

– Қасиетті жұма күнінде дұға қабыл болатын сəт жасырылған. Сондықтан мұсылманның жұма күнінің барлық сəтін дұғамен өткізуі тиіс.

– Көптеген ізгі амалдардың арасында Алланың ерекше разы болатын амалы жасырылған. Бұл деген сөз адамдардың өздерін "жарты құрмамен болса да тозақтан құтқарып", "бауырына күлімдеп қараудың" өзін еш азырқанбауы керектігін аңғартады.

– Көптеген күнəлі іс-əрекеттердің ішінде Алла Тағаланың ашуын туғызатын амал жасырылған. Демек, мұсылман кез-келген жаман істен бойды аулақ ұстауы керек.

– Намаздардың ішінде Алла Тағала Құран Кəрімде сақ болыңдар деген "орта намаз" жасырылған. Сондықтан біз намаздарымыздың барлығына аса ыждағаттылықпен қарауымыз керек.

– Қасиетті Рамазан айында қасиетті Қадір түні жасырылған. Демек, мейірім айының əр күнін оразамен өткізген жан əр түнін де құлшылықпен өткізгені абзал.

Роман Бұрқаш
Islam.kz
2014 жыл

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
9 жыл бұрын 8883
0 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165