Жан қиналғандағы жұбаныш
Жан қиналғандағы жұбаныш

 Жан қиналғандағы жұбаныш немесе "Юсуф" сүресінің түсу себебі

     «Һуд» сүресінен кейінгі «Юсуф» сүресі түскен тұс қос дүние шамшырағы ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у) басынан аса ауыр кезеңді өткеріп жатқан кез еді. Ислам дінін жұртқа уағыздап жүріп Құрайыштық мүшріктердің кедергісіне ұшырап олардан теперіш көріп жүрген кездерінде ардақты пайғамбарымызға (с.а.у) қолдау көрсеткен өзіне басқалардан ең жақын екі адамы бар болатын. Олардың бірі Ислам діні үшін барша мал-дүниесін сарп еткен сүйікті жұбайы Хадиша (р.а) болса, екіншісі өзін жанындай жақсы көретін ардақты ағасы Әбу тәліп еді. 620 жылы ардақты пайғамбарымыз (с.а.у) осы екі сүйіктісінен бірдей айрылады. Екі қамқоршыларының дүниеден өтуі ардақты елшімізге (с.а.у) өте ауыр тиді. Оның үстіне бұл екі абзал жандардың қайтыс болуы Алла елшісіне және мұсылмандарға мүшріктердің қоқан-лоқысының күшеюіне алып келді. Қос аяулысынан арылған жаны жарымжан елшіміздің (с.а.у) қатты қиналғаны және мұсылмандардың көрген қиындықтары сол жылды «қасірет жылы» атандырды. Осы жылы Алла тағала сүйікті елшісіне (с.а.у) «Юсуф» сүресін түсіреді. Осы сүрені түсіру арқылы Жаратушы Жаббар Иеміз Алла тағала ақиық елшімізге (с.а.у) мынадай мағынаны ұқтырғысы келгендей: «Уа ардақты құлым, сүйікті елшім (с.а.у)! Басыңа қайғының қара бұлты түңілгенде салың суға кетіп түңілмеде еш мұңайма. Қауымым неге иманға келмедің деп үміттіңнен еш күдер үзбе. Негізінде әрбір қиындықтың артынан жеңілдік келеді. Сол үшін өзіңді-өзің жей берме. Біз саған дейінде пайғамбарлар жіберіп басынан түрлі ауыртпалықтар бергенбіз. Бірақ бәрі сынаққа сабыр етіп артынша қуанышқа, жан тыныштығына бөленген. Жақыптың (а.с) ұлы Жүсіптің (а.с) өміріне назар аудар. Ол он бір ағасынан теперіш көріп құдыққа тасталды, одан кейін керуеншілердің қолына түсіп өзіне жат Мысыр елін жөнелтілді. Ол жақта әйелдердің жаласына ұшырап нақақтан нақақ зынданға тасталды. Сөйтіп қаншама жыл ағайын-туысынан, әкесінен жырақта қайғымен ғұмыр кешті. Бірақ Жүсіп (а.с) осының бәріне сабыр етіп басынан қандайда бір қиындық түспесін Алла тағалаға құлшылық жасап нағыз құл болудан тайынбады. Уа сүйікті елшім! Мұңая көрме. Сені әлемдерге рақым етіп жіберген Алла тағала сені бұлай қиыншылықтың астына қалдырмайды. Қандай жағдай болмасын Жаратушы Жаббар Иең сенімен бірге. Әлі-ақ ауыр күндердің бәрі артта қалып бақытпен қауышасың».

  Иә, пайғамбарымыз (с.а.у) осы қиындықтарға сабыр ете білген. Осы бір ауыртпалықтардан соң Алла тағала сүйікті елшісін (с.а.у) миғражға сапарына шығарып ерекше бір дәрежеге көтерді. Асылында көп жағдайда Алла тағала қиындықтарға сабыр ете білген құлдарын осылайша жақсылықпен сүйіншілеп отырған. Жақып (а.с) пайғамбардың қиссасын баяндайтын "Юсуф" сүресінің түсу себебі міне осындай. «Юсуф» сүресі пайғамбарымыз (с.а.у) үшін жаны қиналғанда жұбаныш, қиындықтарға тап болғанда жақсылық жаршысы, сүйінші хабаршысындай болған. 

Пайғамбарымыз, Мұхаммед, Тәпсір, Юсуф сүресі, Ардақты елшіміз, Қос дүние сардары, Екі дүние шамшырағы
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
10 жыл бұрын 10345
7 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165