Бауырыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
Бауырыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

«Асылында мұылмандар бір-бірімен бауыр...»
«Хұжырат» сүресі, 10-аят

 
   Интернет ресурсы дамығалы бері ғаламторда діни сайттардың қарасы көбейіп мұсылман жұртшылығын Ислам әлемінің жаңалықтарымен хабардар етіп отыратын болды. Дегенмен жаңалықтардың басым бөлігінің мазмұны арине көңілге қуаныш ұялататындай емес. Әйтеуір дүниенің әр бұрышында құқығы тапталып, зәбір көріп жатқан мұсылман баласы. (бұған мысал ретінде өткендегі Палистина қырғынын айтсақ та жетіп жатыр). Мұсылмандардың саны соншалықты көп бола тұра, иеліктерінде қыруар байлық бола тұра бастары бірікпей өзгеге есесі кетіп отыр. Әрине, бұны айту арқылы қара аспанды төндіріп, үмітсіздікке салынып отырғанымыз жоқ. Дегенмен әлем мұсылмандарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол»  шығара алмай отырғандығы ащы шындық. Ислам үмметінің қазіргі мүшкіл жағдайы мұсылмандардың бір-бірін жақсы көрмей,  «асылында мұсылмандар бауыр» деген Құранның алтын қағидасы аясында әрекет етпегендіктеріне берілген жаза іспетті.

   Бірде ұстазымыздың дәрісінде отырғанымызда ол кісі былай деп ойлантарлық әңгіме айтқан еді: «Қазіргі мұсылман үмметінің хәлі мүшкіл. Бірлігі жоқ, алауыздықтары көп. Осыны ойлап қынжылып мұсылман жамағатының басын қалай біріктірем деп ойға батам да сәлден соң өз-өзіме қарата «әлем мұсылмандарын достастырам дегенше алдымен өзіңнің жанында күнде жүрген мұсылман бауырыңмен қарым-қатынасыңды түзеп ал. Үмметтің бірлігіне қосқан үлесің сол болады» деймін»,-деген болатын. Расында мұсылман үмметінің маңдайалды тұлғаларын бастары бірікпеді деп сөге бергенше әрқайсымыз өз бауырларымызбен жақсы туыс бола алсақ дініміздің дамуына қосар үлесіміз сол болары анық. Қазақта «балық басынан шіриді де аяғынан бастап тазаланады» деген мағынасы терең сөз осы ақиқатты меңзесе керек.

Асылында Құдайы бір, пайғамбары бір, Құраны бір біздердің өзара алауыз боп бір-бірімізге өштесуіміз Хақ Тағала алдында үлкен ұятты нәрсе. Себебі бізді бауырмалдыққа үндеп, бір-бірімізді жақсы көруге шақырған қаншама аят-хадисті ысырып өзара қырқысуымыз мұсылман деген қастерлі атымызға сын. Қазіргі кезде біздің жүрегімізді  бір-біріміздің қателіктерімізді кешіре алмайтындай рухани сырқат меңдеп бара жатыр. Мұсылман мұсылман бауырын кешіре алмауы адами таразыға салғанда да әділетсіздік боп есептеледі. Мәселен бір кемеде тоғыз жақсы адам және бір залым адам болса сіз сол залым адамды жек көріп қалған тоғыз жақсы адамды елемей кемені суға батырып жіберуіңіз әділетсіздік болар еді. Сол секілді бойында бір ғана жағымсыз қасиеті ал иман, мейірім, Алла мен оның елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, деген махаббат секілді тоғыз тіпті одан да көп ізгі қасиеттері бар адамды кемені суға батырғандай көңілімізден сызып тастауымызда біздің мұсылманбыз деген атымызға лайық емес нәрсе екенін білуіміз керек.

Егерде қандай да бір мұсылман өзге мұсылман бауырымен қырқысып, бір-бірінің қателерін кешіре алмай, көңілдері жараспай жүрген болса онда оларға мына бір төмендегі сөздерді көңілдеріне түйіп алғандары жөн.

Біріншіден, егер сіз мұсылман бауырыңызбен қандай да бір мәселе төңірегінде келісе алмай немесе сөзге кеп қалып бір-біріңізге қатты сөз айтып қалсаңыздар сіз ең бірінші осы нәрсеге кінәлі өзім деп білуіңіз керек. Себебі сіз сол сәтте шайтанның азғыруына еріп нәпсіңізге бой алдырып қойған боласыз. Негізінде шайтанның ең сүйікті істерінің бірі екі мұсылманның арасына от салу болып табылатындығы хадистерде айтылған. Сонымен қатар пенденің кемшілікті өз бойынан іздеп өз-өзін жазғыруы  кемелдікке бастар алғашқы қадамы боп есептеледі. Құранда Жаратушы Жаббар Иеміз өз-өзін жазғырған нәпсіменде ант етуі көп нәрсені ұқтырып тұрғандай. («Қиямет сүресі, 2 аят)

Екіншіден, бауырыңыз сізге қандайда бір ауыр сөз айтып қалса егер сіз оны шын мәнінде Алла разылығы үшін жақсы көрген болсаңыз оған еш ренжімей оның дәл сол сәтте әлсіздік танытып ібілістің айдауына еріп кеткеніне жаныңыз ашуы керек. Мұсылман бауырыңыздың дәл сондай кемшілігін байқасаңыз онымен ренжіспей қайта оның сол мінезін тастауына Алла тағаладан дұға тілеп, оның көркем мінезді мұсылман болуын іштей қатты қалауыңыз міндетті. Себебі, Әнәс ибн Мәлик жеткізген хадисте пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Кімде-кім өзіне қалағанды өзге бір бауырына қаламайынша толық иман келтірген боп есептелмейді»,-деген. (Бұқари, Муслим). Оның үстіне бір мұсылман өзге мұсылман бауырына үш күнне артық ренжуіне болмайды деген ммағынадағы  ақиық елшінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадисі бар.

Үшіншіден, сіздің  «менің пікірім немесе менің жолым дұрысырақ» деп айтуыңызға болар ал бірақ «тек қана менің жолым ғана дұрыс» деп айтуыңызға болмайды. Қазіргі әлемдегі түрлі бүліктер дәл осындай «тек қана менің пікірім дұрыс. Мен секілді ойламағандардың бәрі адасқан» деген жаңсақ пікірден туындап жатады. Қашанда ақиқат пен мақсат бір болғанмен оған жету жолдары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан парасатты адам өз пікірін құп көргенмен өзгелердің де пікірлеріне құрметпен қарауы керек.

Төртіншіден, әрбір адам тек шындықты ғана айтуы тиіс болғанмен әрбір шындықты айта беруіне рұқсат жоқ. Мысалы бауырыңыздың бойындағы жаман мінезі шындық болса да егер сол шындықты яғни кемшілігін бетіне басып, айыбын ашу мақсатында айту өте жаман нәрсе.  Асылында бір мұсылман өзге мұсылман бауырын тәрбиелегісі келсе қателіктерін тізіп, масқарасын шығарып тәрбиелемейді. Құран мен пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өсиеттері бізге адамзатты ыстық мейіріммен тәрбиелеуге үндейді.

Бесіншіден, егер сіз біреумен бір мәселеде сөз таластыра қалсаңыз сіздікі дұрыс бола тұра тартыстан бастаруыңызда ақиық елшіміздің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистерінде мақталған іс. Әбу Умама риуаят еткен хадисте ғаламның рақым нұры ардақты пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Өзінікі дұрыс бола тұра сөз таластырудан бас тарқан адамға жәннаттың шетінен үй уәде етемін...»,-деген.

Жоғарыда келтірілген нұсқаулар екі адамның араздасып қалған жағдайда ескеру керек нәрселері. Нағында мұсылмандар адамдар арасында бауырмалдықтың нығаюы жолында қызмет етулері керек. Адамды былай қойғанда тіпті жан-жануарларға да қиянат жасауды көтермейтін Ислам әдебі бізге осыны бұйырады. Иә,  адамның көңілін қалдыру Қасиетті Қағбаны жыққанмен бірдей. Сондықтан кімде-кім Ислам үмметінің жұдырықтай жұмылып әу бастағы күш-қайратын қайтарғанын қаласа айналасындағы мұсылман бауырларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, араларындағы махаббаттың нығаюына күш салсын. Оның бұл ісі қарлығаштың қанатымен су сепкендей кішкентай болса да Жаратушы Жаббар Иеміздің құзырында үлкен сауапты іс болары анық.
                                                                                                      Роман Бұрқаш, azan.kz
 
ислам, хадис, пайғамбар, достық, Роман бұрқаш, Бауырмалдық, Қарым-қатынас
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
10 жыл бұрын 4932
2 пікір
  • Роман бауырым өте өзекті тақырыпты көтеріпсің. Дәлелді сөйлеп, қисынды мысалдар келтіріпсің. Алла разы болсын! Таза сопылық ілімі жоғалып, ілім сөз күйінде қалғандықтан мұсылмандар ісі мен сөзіне жауапкершілікпен қарамайтын болды. Жік-жікке бөлініп алып бір-бірін бөрідей талап жатыр. Жүректер ауру. Емдеу қажет....
    10 жыл бұрын
    • Дұрыс айтасыз аға! Осы орайда бізді осындай тақырыпта ой қозғауымызға "Дін мен діл" кітабы қатты әсер етті. Ол кітап тек сұрақтарға жауап емес сонымен қатар күрмелген мәселелердің түйінін шешіп мұсылмандарды өзара ортақ мәмілеге, бірлікке шақыратын кітап. "Мұсылмандарға қарсы күресте діндері бөлек болса да яһуди жұрты мен христиан қауымы тізе қосқаны тарихтан белгілі. Солай бола тұра біздің Алламыз, пайғамбарымыз бір бола тұра болмашы мәселеде жік-жікке бөлінуімізге жол болсын" дегендей жолдар есімде
      10 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165