Шам еліндегі сенсация
Шам еліндегі сенсация
Күллі мұсылман жұртының ардақ тұтар анасы Хадиша (р.а) анамыз

                                               (Жалғасы. Басы өткен жазбаларда)

                              Шам еліндегі тосын кездесу

 

Сонымен Шам еліне Меккедегі соңғы керуен жөнелтілді де үш айлық сапар басталды.  Бұл Хадиша анамыздың опалы қызметшісі Майсараға сапар екі дүние сардарын жақыннан тануға жол ашпақ.

Ұзақта машақатты жолды артқа тастап ат болдырып Меккелік керуен Шам еліне келіп жетеді. Әкелген тауарларын өткізіп орнына басқа заттар алу үшін Шам базарында саудагерлер ерекше еңбекқорлық танытулары керек. Базарда жүрген кездері Майсараның көзі бір сәт пайғамбарымыздың  (с.а.у) өзге бір кісімен қызу әңгімелесіп жатқандығын шалып қалады. Сөйтсе ол адаммен болған әңгіме сауда жайы екен. Екеуара есептесіп болған соң әлгі адам пайғамбарымыздан (с.а.у) ант беруін және ол антты сол кездегі Лат және Ғузза сынды ең ірі пұттардың атымен беруін талап етті. Адам өміріне не зиян не пайда келтіре алмайтын қайдағы бір болмашы нәрсеге ант етілуші ме еді?! Қос дүние сардары (с.а.у) ол адамға түсінбегендей кейіп танытып: «Негізінде мен олардың атымен ешқашан ант ішпеймін. Маған олардан артық дүниеде жаман нәрсе жоқ»,-деп жауап қатты.

Екеудің әңгімесін сырттай бақылып тұрған Майсара әңгімеге араласқан жоқ. Бірақ елге қайтқанда қожайынына айтатын жақсы жаңалық табылғанына қуанды. Ал әлгі адам болса таңғалғанынан антты да Лат пен Ғұззаны да ұмытып пайғамбарымыз (с.а.у) қойған шарттарға келісіп тез арада саудасын бітіруге асықты. Пайғамбарымыздың (с.а.у) қасынан тез арада кетіп Майсараға барып Лат пен Ғұззаның атына ант ішуден жиіркенген кісі жайлы былай деп сұрай бастады: «Бұл кісіні танисыңба? Сендермен еріп келген бұл қандай адам?». Бірақ Майсараның жауабын күтпей жатып өз сөзіне өзі жауап беріп былай деді: «Үндемей оның айтқандарына бас шұлғып соңынан ере бер. Шүбәсіз ол пайғамбар».

Сонымен жолаушылардың Шамдағы шаруалары ойдағыдай бітіп туған жерлеріне қайтуға жолға шықты. Жолай аз-маз демалып алу үшін көшті тоқтатып бір жерге аялдайды. Бәрі заттарын реттеп тынығудың қамына кіріскенде адамзаттың асыл тәжі (с.а.у.) де бір кәрі ағаштың астын саялап тынығып алмақшы болды. Көп ұзамай Майсара алыстан бір өзгеше адамды көзі шалып қалды. Алыстан-ақ көзге түскен кісі атақты монах Настура еді. Мәшһүр монах Настура Майсараның жанына кеп: «Анау ағаштың астында дем алып отырған кім?,-деп сұрады. Майсара үшін бұл өте оңай сұрақ еді. Еш кідірместен: «Ол Абдуллаұлы Мұхаммед. Харам өлкесінің жігіті»,-деп жауап берді.

Жауапты ести сала монах аузын ашып басын шайқады. Оның кім екенін сұрағанын да бір мән бар еді. Майсараның жауабына қанағаттанбай өзі сөйлеп кетті: "Уаллаһи, бұл ағаштың астында бұған дейін пайғамбардан басқа ешкім отырмаған". 

Одан соң да Майсарамен ол жайлы әңгімелесіп оған түрлі сұрақтар қойып алған жауаптарының іштегі ойларымен дәлме-дәл кеп жатқандығына таң тамаша болды.

- Еш шүбә келтірместен айтамын бұл адамзаттың көптен күткен пайғамбары әрі  пайғамбарлардың ең соңғысы,-деп әңгімесін тәмамдады сәуегей қарт Настура. Дегенмен қарт сәуегей ой үстінде еді. Соңғы елшімен тосыннан кездескеніне таң-тамаша. Сөйтіп ішкі ойын нақтылай түсу үшін Майсарадан Алла елшісі (с.а.у) жайлы нақты-нақты сұрақтар сұрап алдынан шыққан адамдардың бәріне тосыннан болған жәйтты айтумен болды. Әрі пайғамбарымыздың (с.а.у) сауда жасағандағы тұтынушыларға деген адалдығы, олардың сенімінен шыға білуі қарт монахтың жүрегін одан сайын толқытқан. Настура оның (с.а.у) хақ елші екеніне нақ сенді. Сөйтіп іштей нық сеніммен былай деді: «Уаллахи, бұл біздің көптен күткен пайғамбарымыз! Сөйтті де сәлден соң пайғамбарымыздың (с.а.у) жанына келіп жүзіне ойлана көз тастап былай деді: «Мен сенің Алла тағаланың Тәуратта сүйіншілеген пайғамбары екеніңе куәлік етемін!». 

Жолаушылар әкелген тауарларын Шамда сатып болып керек-жарақтарын алған соң елдеріне қайту үшін Меккеге апарар жолға түсті. Күн қатты ыстық. Көш басында келе жатқан Майсара әдетінші пайғамбарымызды (с.а.у) бақылаумен жүр. Бір кезде қараса Алла елшісінің (с.а.у) қақ төбесінде бұлт кейпіне енген екі періште тұрғанын көреді. Ми қайнатар ыстық күні Алла елшісіне (с.а.у) бір-бірінің ізіне ерген екі бұлт көлеңке болып тұр. Пайғамбарымыз (с.а.у) жүрсе жүреді де тоқтаса тоқтайды. Құдды бір аманатқа берік, ең сенімді адамға жаратылыстың бәрі құрмет көрсетіп жатқандай.

...Майсара үшін бұл жолғы сапар өзге сапарлардан өзгеше болды. Бұл жолы ешқандай да әділетсіздік, сенімсіздік орын алмады. Әкелген тауарларын Шамда дым қалдырмай тауысып Шам елінен Мекке шаһарына апарған тауарлары да бірі қалмай бір демде сатылып кетті. Бәрі хазіреті Хадиша анамыз (р.а) ойлағандай болды. Ардақты анамыз (р.а) бұрын да талай кісілермен бірге жұмыс жасаған.  Дегенмен адамзат сенімдісімен бірігіп атқарған істі олармен салыстыра алмайсың.

Асылында аяулы анамыздың  (р.а.) ойлағаны сауда емес еді. Ол (р.а) тағатсыздана Майсараның келуін күтті. Майсара келгенде дереу сапарда болған жайттарды тәптіштеп дым қалдырмай сұраумен болды. Қызметшісі болса сапарда қарт монах Настураны кездестіргенін және оның пайғамбарымыз (с.а.у) жайлы айтқандарын жеткізді. Жолай екі періштенің бейне бір бұлттай ыстық күні пайғамбарымызды (с.а.у) панасына алғандарын айтты. Шам базарында пайғамбарымыздан (с.а.у) пұттардың атымен ант ет деп артынан қос дүниенің оған қалай жауап қатқанын содан әлгі кісінің Майсараға не айтқанын да қалдырмады. Майсараның Шам сапарынан әсерленгендігі сонша айтқандарын тағы да толықтыра түсіп бірнеше қайталап бітіре алмады. Иә, асыл анамыздың да (р.а) күткені осы болатын. Майсараның айтқандары оның үкілеген үмітін ақтады. Болған оқиғаларды тыңдағанда абзал анамыздың (р.а) жүрегі ерекше толқып, жан дүниесі жадырап шыға келді. Қалайша жадырамасын барлық оқиғалар жолы болашақ пайғамбарымызға (с.а.у) келіп түйісіп жатыр еді. Майсараның әңгімесінен кейін хазіреті Хадиша анамыз (р.а) ұстазы Уарақа ибн Нәуфәлге кетті. Ағасына болған жайды жеткізбек.

Уарақа ибн Нәуфәл де қарындасының әңгімесінен қатты әсер алды. Абдуллаұлы Мұхаммед (с.а.у) жайлы ойлап жүргендері расқа айналды. Ағасының не ойлағанын білгісі кеп тұрған хазіреті Хадиша анамызға (р.а) қарап:

- Уа, Хадиша (р.а)! Егер бұл айтқандарыңның бәрі рас болса шүбәсіз Мұхаммед (с.а.у) осы үмметтің пайғамбары. Менің білетінім бұл үмметтің көптен күтіп жүрген бір пайғамбары бар. Дәл осы шақ, дәл осы заман сол пайғамбардың заманы,-деді.

Уарақаның бұлай деуінің себебі олда соңғы елшінің әне-міне келеді деп күтіп жүрген болатын. Ақырғы пайғамбардың жақын арада келетінін жырларына қосып мүмкіндік туғанда халыққа Хақ хабаршысының көп ұзамай келетінін айтып жүретін.

...Барлық нәрсе сүйікті елшімізді (с.а.у) ишара етіп жатыр. Осы күнге дейінгі болған жағдайлар; Меккедегі оқиғалар, Майсараның сөздері, барлық нәрсенің бір жерде түйісуі бәрі-бәрі көптен күткен қуаныштан хабар бергендей. Ардақты анамыздың (р.а) көңілінде еш күмән қалмады. Жылдар бойы күткен Алла елшісі (с.а.у) енді міне жанында жүр. Оған үнемі жақын жүру үшін оның (с.а.у) өмірлік жары болуы керектігі және одан басқа жол жоқ екендігін бір сәт ойланды. 

                                                                                                                     (Жалғасы бар...)

Bekir Burak, Hz. Hatice Kadınlık Aleminin Sultanı

Түрік тілінен аударған Роман Бұрқаш

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
2 года назад 1009
4 комментария
  • Мә шә Алла!
    2 года назад
  • Çok güzel çevrilmiş. Оте жаксы аударылган.
    2 года назад
  • Машалла! Бұл еңбекті аударудың бір еңбек. Жақсы аударылған. Жеңіл əрі түсінікті. Үнемі жалғасын күтіп отырамыз. Кейін кітап болып шығып жатса алып оқитын боламыз.
    2 года назад
    • Иә, дұрыс айтасыз Нұреке! Елімізде алдағы уақытта жақсы діни баспа ашылып жатса неге шығармасқа! Ин ша Аллла ол күнге де жеткізер Аллла тағала!
      2 года назад