"Ата-әже" институты
"Ата-әже" институты
«Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер». Халық даналығы

    Қазақ халқында жеке адамның азамат боп қалыптасуында, қоғамның сүттей ұйып, берекелі ғұмыр кешуінде және сол қоғамның адами қағидаларды берік ұстана отырып дамуында елдің қариялары мен ақ жаулықты әжелерінің рольі зор болған. Ауыл аймақтың  ірілі-ұсақты мәселелері қашанда  ушықпай тұрып ауыл ақсақалдарының қолымен шешілетін. Ал ақ жаулықты әжелеріміз абысын-ажын, келін-кепшік қала берді бойжеткен қыздардың барлығының қысылғанда жүгінетін ақылшысы боп қоғамның дұрыс дамуына жағдай жасайтын үлкен тәрбие мектебін қалыптастырған. Ақын Мұқағали:

«Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,

Айтысың да басылмас, ылаңың да.

Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда»-деп қоғамдағы данагөй қарияларымыздың орнын дәлме-дәл дөп басып айтып кеткен. Қарапайым отбасылық өмір мен қоғамдық ірі мәселелерге байланысты өнегеге толы «жазылмаған заңдардың» алтын көмбесі бола білген дана қарттарымыздың халық тәрбиесіндегі рольі кешегі көшпенді халық тіршілігінде қандай маңызды болса ол кездегі қоғамнан әжептәуір өзгерген қазіргі заманда да оларға деген қажеттілік  азайған емес. Өткен мен болашақтың алтын көпірі іспеттес «бабалардың балалары» қарияларымыздың біздерге берері әлі де мол болса керек.

      Қазақы тәрбие мен дін Исламның құндылықтарынан қатар сусындадатын осындай қарттарымыздың өнегелі тәрбие мектебін «ата-әже» институты десек қате айтпаған болармыз. Қазақта жас жұбайлар тұңғышын «кемпір-шалдың баласы» деп өздерін оған аға-жеңге есептеп баланы ата-әжелеріне беретіні бар. Тіпті ақылды келіндер «тапқан-таянғанын балаларыма ұсынып отырар» деп баласын енесіне де емізіп, «сүт ана» атандырып бауырына бастырған. Қазақ бұл дәстүрінен ұтпаса ұтылған емес. Ата-әже оларға өмірде көрген білгенінің бәрін ақтарып болашақта  иманды азамат болуына оң ықпал жасайды.

   Бізде ауыл балалары сол «ата-әже» институтының түлегіміз. Кішкентайымызда төрдегі атамыздың тізесінде отырып, оның оң жағына жайғасқан әжеміздің жеңсізінің қалтасындағы «шәйға тістеймін» деп алып қойған кәмпиттерін ұрлап жеп өскен «жүгірмектері» едік. Рас, біз таза қазақы қоғамды көрмедік, бірақ ата-әжелеріміз өздері көрген сол бір қазақы тіршіліктің қыр-сырын бізге түсіндірумен болды. Нәтижесінде біздер қазақышылық пен мұсылмандықты солар арқылы қатар сіңіріп өстік. Әрине олар бала тәрбиесінде Исламмен ұштасатын құндылықтарға келгенде ол салт- дәстүрлердің бастауы Ислам дінінде жатқанынының біразын білсе біразын білмейтін-ді. Неге десеңіз Ислам біздің жерімізге қазақ қазақ болып хандық құрмай тұрып келгендіктен халық арасындағы асыл дінімізден бастау алатын керемет салт- жоралғылар бара-бара елдің дәстүрі ретінде сіңіп кетті. Қазір біз асыл дініміздің тереңіне бойлап, тұнығынан су ішіп жүрсек, соның бәрі бізге ес кіргенде «кәлимаи шәһәдаттан» бастап Исламның және ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетінде келген асыл құндылықтарын бойымызға сіңірген ата-әжелеріміздің арқасы деп білеміз.

     Бір күні халқымыздың салт-дәстүрлері жайлы  досыммен болған сұхбатта ол: «ауылда ата-әжелердің тәрбиесін көріп өскен бала қазіргі қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан «сәләфизм» секілді ағымдардың құрығына оңайлықпен түсе қоймайды. Себебі ханафи мектебі мен сопылық жол ұстанымдары біздің халқымыздың ертеден қанына сіңіп кеткен болатын»,-деп ойлантарлық сөз айтты. Расында, осы әңгімеден кейін «ел арасына жерден жеті қоян тапқандай жаңа бір нәрсені тықпалап, елдің берекесін қашырып жүрген небір зиянкес  ағымдардың сойылын соғып жүргендер халықтың Исламмен біте қайнасқан салт-дәстүрінен бейхабар, тамырын тереңге бойлата алмаған шала қазақ дүмшелер екен-ау» деген ой келді.«Дала институты»  іспеттес «ата-әже» тәрбиелік мектебі бізге ұлттық тәрбиені және сол ұлттық тәрбиенің түпкі бастауы болған дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарының «әліппесін» үйретіп,  болашақтағы ұлт азаматы ретінде ұстанымымыздың қандай болуы керектігіне бағыт-бағдар көрсетіп берген-ді.

     Кешқұрым бәріміз отбасымызда түгел майшамның жанына жиналғанда атамыз домбыра шертіп, әжеміз болса біздерге ескі кітаптардағы баталарды және қазақ билерінің шешендік сөздерін оқып беріп отыратын сол бір күндер санамызда тәтті естелігімен мәңгіге өшпестей боп қалды. Сол күндері  біз «ата-әже» институты деп аталатын тағылымы мол үлкен тәрбие мектебінде жүргенімізді білмедік. Енді міне үлкен өмірге қанат қаққан сәтте сол шуақты күндерді сағынышпен еске аламыз. Әлі де ауылға барған сайын ата-әжеміз не істеп жүргенімізді тәптіштеп сұрап, ақылдарын айтып болашағымызға алаңдап отырады. Қазақ «ұл жарытып ұл болмас әке жолын қумаса, қыз жарытып қыз болмас шеше жолын қумаса» деп үлкендердің айтқанын тыңдап, солар салып беріп кеткен қасиетті даңғылдан ауытқымаған ұрпақтың болашағы жарқын болатындығын айтып кеткен. Ауылдағы ақсақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің бары шынында, Жаратушы Жаббар Иеміздің бізге берген нығметі. Ол кісілерге «Алла разы болсыннан» басқа айтарымыз жоқ. Біз олардың алдында перзенттік борышымызды бұ дүниеде толықтай өтей алмаспыз.

Ал енді сол бір кіршіксіз, риясыз балалық шақтағы ата-әже қамқорында болған күндерімізге бір сәт саяхат жасап бірнеше естеліктерімізді келтіре кетейік.

 Жатқыза гөр жан Алла...

    Алғашқы немерелері болғандықтан да болар біз атамыздың көзқуанышы едік. Ол бізге бала кезімізде бар білгенін үйретумен болатын. Күндіз домбыра үйретсе, түнде жанына алып жатып небір ертегіге бергісіз әңгімелер шертетін. Сондағы сәби көңілмен мен атамның қолынан келмейтін нәрсесі жоқ шығар деп ойлайтынмын. Бұл нағыз өнегелі ұстазы жайлы опалы шәкіртінің ойы болатын. Тіпті атамды мен жасымда Ұлы Отан соғысына да қатысқан деп мақтан тұтатынмын.(негізі қатыспағанын кейін білдік қой) Түнде жанында жатқанда оған неше түрлі сұрақтар қойып оның берген жауаптарына таңдай қаға тамсанып қалатынбыз. Ең бір қызығы сол бір күндізгі тәрбие дәрістерінің түнгі жалғасында атамыз бізге сыры терең бір шумақ өлең жаттатып сол өлеңді жатар алдында үш рет қайталатып, оң жағымызбен жатқызып ұйықтататын. Сондағы өлең мынадай еді:

«Жатқыза гөр жан Алла,

Тұрғыза гөр инша Алла!

Тұра алмастай күн болса,

Ләә иләһә иллалла...!»

Қазағымның даналығын-ай! Негізінде бұның түп төркіні Пайғамбарымыздың (с.а.у) қасиетті сүннетінде жатыр екен. Адамзаттың асыл тәжі (с.а.у) жатар алдында  дәрет алып, дұғаларын оқып (көбінесе «Әәмәнәрасул», «Мүлік» сүресін және «Аятул Курсиді» оқитын) оң қолын оң бетіне қойып ұйықтайтын болған. Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у) киелі сүннетіне қазақы рең беріп «тілге оңай, жүрекке жылы тиетіндей» етіп көркемдей білген қазекемнің даналығы расында таңдай қақтырмай қоймайды!

 Сұрасаң бата берейін...

   Атамыз басқаратын біздің шағын «мемлекетімізде» атамнан кейінгі орында тұратын ақ әжеміз де бізге тәлім беруде атамыздан еш қалысқан емес. Үй шаруасы, ауыл аймақтың той-томалағы дегендей күйбеңдерден босай қалған уақыттарда үнемі бізді жанына отырғызып ескі кітаптардан қазақ билерінің шешендік сөздерімен қатар бата да жаттататын.

Негізі бата бір адамның өзгелерге ризалығы ретінде тілеген дұға, тілегі. Ал «бата» деген сөздің өзі бізге асыл дініміз арқылы араб тілінен енген сөз. Қазақтың ескі сөз қолданысы мен көне әдебиеттерінде «ризалығын берді», «пәтуасын берді» деген мағынаға сәйкес «фатихасын берді», «батиха беріпті» деген сөз тіркестері бар. Байқағанымыздай «бата» сөзінің шығу тегі Құран Кәрімнің алғашқы сүресі «Фатихамен» тығыз байланысты боп шығады.

Қазақта қол жайып бата беруді балаларға жастайынан үйрететін. Және де сол баталардың жағдайға байланысты «ас қайыру батасы», «жастарға берілетін бата», «үй иесіне берілетін бата» дегендей тақырыптары да саналуан боп келетін. Алғаш әжем үйреткен сол батаны ең бірінші рет бірінші сыныбымыздың наурыз мерекесінің соңында айтқаным әлі есімнен кетпейді. Сондағы бата былай деп басталатын-ды:

«Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ақ ниетпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін!

Уа, Құдайым Құдірет!

Иманымызды кәміл ет!

Абырой, ынсап, бақ дәулет,

Не тілесек соның бәрін қабыл ет!...Әумин!!!

 

Ине-жіп

    Біздің аймақта адам дүниеден өткенде артынан «жыртыс жырту», «киім үлестіру» деген атпен салт-жоралғы жасалып жатады. Яғни, дүниеден өткен кісінің артынан қалған киімдерінөзгелерге үлестіреді. Тіпті кейбір жерлерде бақилық болған кісінің артынан ине-жіпте таратып жатқанын көргенімізде қатты таңқалғанымыз бар. Алғаш намаз оқи бастаған кезімізде діннен сәл-пәл хабардар боп қалған шақта ауыл кісілерінің осы бір іс-әрекетін ерсі көріп, бұл «дінімізге кейін қосылған жаңалық» деп  тыжырынып, жақтырмай қарайтынбыз. Бұның мәнісін кейін әжелерімізден сұрағанда ақ жаулықты әжеміз бір күрсініп алып: «Шырақтарым, о дүниеге аттанған кісінің артынан ине-жіп, киім-кешек таратқанының еш әбестігі жоқ. О дүниеге кісі ақысын, қарызын  арқалап кетуден ауыр азап жоқ қой. Артынан таратылатын заттар марқұм кісі бейшара  тірі кезінде көршісінен қандайда да бір зат алып қайтып бере алмай кеткенінің қарымтасы емеспе. Тіпті кішкене ине-жіп алған болса да ақыретте соның да сұрауы мойнында болмасын деп марқұмның артынан қалған туыстары ел жұртқа ине- жіп қала берді киім-кешек тарататын болған». Міне, ғажап! Біз «бидғатқа» балап жүрген ауыл адамдарының бұл әрекеті тікелей пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті болып шықты емеспе?! Дінімізде бақилық болған кісінің жаназасын шығарар алдында имам көпшіліктен «марқұмның кімде қарызы бар?» деп сұрауы керек. Ол кезде шынымен қарызы барлардың еш қысылмай қарызын туыстарынан сұрауы еш сөкеттік емес. Дегенмен көпшілігі марқұмның қарызын кешіп жібереді. Алайда оған қанағаттанбаған дүниеден өткен кісінің туыстары адамдардан ине-жіп алған болса да беріп құтылып, тыныш отырайық деп ауыл тұрғындарына ине-жіп таратын болған екен.

                                                                                                                                                     (Жалғасы бар...)

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
2 года назад 1180
2 комментария