Қос маталы бала
Қос маталы бала

 

    «Мадинаның Меккеге қараған тұсында баурайы жасыл Уарқан таулары орналасқан. Шөбі шүйгін, көгі майса малға да жайлы  Уарқан баурайын қашаннан Музайна деген араб тайпасы қоныс қылатын. Надандық дәуірінде күллі араб қауымы қандай болса Музайна тайпасы да дінсіздігі тұрғысынан олардан еш алыс емес еді. Лат пен Ғұзза сынды ірі пұттардың және осыларды Құдайдай көретін ру көсемдерінің дәурені бұл елде де жүріп тұрған-ды. Қаншалықты жайлы  ғұмыр кешкенмен бұл қауымның да ауыз толтырып айтарлықтай еш жақсылығы қалмаған. Әлсіздер қаналып, қыз балалар тірідей  көміліп, әйел затының құны «бір тиын» болған зар заманды бастан кешуде еді. Өздерінің надандығымен жасаған әрбір әрекеттері олардың болашақта келетін асыл пайғамбарға қаншалықты мұқтаж екенін аңғартып тұратын.

    Абдулғұзза деген жеткіншек те осы Музайна тайпасының тақыр кедейлерінің шаңырағында дүниеге келген бала. Жазмышқа шара бар ма, ол әке-шешеден ерте айрылып жетімдік қамытын ерте жастан киген-ді. Бірақ жас баланың ерекше зеректігіне қызыққан Музайна тайпасының малы мыңғырған байларының қатарына жататын көкесі оны асырап алады. Зерек те алғыр Абдуғұззаны өте қатты жақсы көргендіктен  көкесі бар байлығын алдына жайып, тіпті артынан мұрагер қып қалдыратынында елге жариялайды. Сөйтіп баланың бұдан кейінгі өмірі әп-сәтте өзгеріп шыға келген. Не ішем, не жеймін демейді, жегені алдында, жемегені артында. Жұрттың баласы кимеген киімдер де осы Абдулғұззаның үстінен табылатын. Осылайша бай көкенің қамқорындағы шуақты күндер өтіп жатты... Бірақ бір күні... Бір күні Абдулғұззанның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберген мынадай бір оқиға орын алды.

   Бірде жас Абдулғұзза өзі секілді Музайна тайпасының  байларының балаларымен ауыл сыртына серуенге шығады. Жүйрік аттарымен біраз ойынның көрігін қыздырып болып, аз-маз демалып отырғандарында Иасрибке қарай асыға кетіп бара жатқан бір топ кісілерді кезіктіреді. Жөн сұраса келе жүргіншілер:

 «Иасриб қаласына Меккеден  кешегі яһуди ғалымдары әне-міне шығады деп жүрген соңғы елші қоныс аударды деп естідік. Біз Оның (с.ғ.с.) алып келген дініне кіріп, тек қана серігі жоқ бір Аллаға сыйынып және оның  елшісінің соңынан еруге ант еткенбіз. Ендігі жерде өз Отанынан қуылған Хақ хабаршысының (с.ғ.с) ізгі көмекшілері атануға Иасрибке аттанып барамыз», – деді. Жолаушылар әңгімелерін бітіргені сол-ақ еді, дереу Абдулғұзза төбесіне жай оты түскендей абдырап қалды. Жүргіншілердің айтқан сөздері шынында таңсық еді. «Серігі жоқ бір Алла... Хақ хабаршысы... Соңғы елші...»

Осыдан кейін жас жігіттің мазасы  қаша бастады. Әу баста таухид дінінде туылған жас жүрегі сол бір жүргіншілер айтқан «серігі жоқ бір Алла» жайлы  білгісі кеп тұратынды шығарды. Сөйтіп күн сайын Иасрибке бастар жолды торуылдап жолаушылардан «соңғы елші» жайлы сұрастыра бастады. «Ол (с.ғ.с.) бұған дейін жіберілген барлық пайғамбарлардың ең соңғысы екен. Адамдарды тек бір ғана Аллаға сыйнуға шақырады», – деді бірі. «Оның (с.ғ.с.) мінезі өте көркем. Оған пайғамбарлық келмей тұрып та халқы оны «сенімді» деп атаса керек. Оған ерушілердің қарасы күн сайын артып келеді», – деді екіншісі. Ал, өзге бірі болса: «Ол (с.ғ.с.) Алладан уахи алғалы он жылдай болды. Мекке мүшріктері күн бермей ақыры Иасрибке қоныс аударды. Өзінің айтқандары жүрекке қонымды. Адамдарды тек бір Аллаға сыйынуға ғана және осы өмірде өздерін жәннатқа кіргізетін амалдар жасауларына үндейді екен», – дейді. Хақ елшісі (с.ғ.с.) жайлы айтылған барлық нәрселер жас жеткіншектің Оған (с.ғ.с.) деген іңкәрлін барған сайын арттыра түсті. Бұдан кейін елден жасырынып жырақта «серігі жоқ бір Алласына» тыбынып, жолаушылардан Әз елші (с.ғ.с.) жайлы сұраумен күн өткізіп жүрді.

   Бірақ Абдулғұззаның бұдан кейін сабыры сарқылып, шыдамы құрып Хақ елшісін (с.ғ.с.) өз көзімен көрмейінше айықпайтын дертке ұшырады. Ақыры сол кезде ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) келісімен атауы «Нұрланған Мадина» деп өзгерген Иасриб қаласына аттануға ниет етіп, рұқсат алуға көкесінің алдына келген-ді. Өкінішке орай, ширктің шырмауынан шыға алмаған көкесіне інісінің айтқандары ашуын туғызғаннан басқа түкте пайда әкелген жоқ. ««Інісі ата-баба дінін тәрк етіпті» деп масқаралайтын ел-жұрттың көзіне не бетіммен қараймын. Лат пен Ғұззаның атымен ант етем, егер осы ойыңнан қайтатын болсаң, саған берген байлығымды берген үстіне бере түсемін. Ал, егер де ойыңнан қайтпайтын болсаң,  осы уақытқа дейін саған берген дүниемнің барын тартып алып, тақырға отырғызам», – дейді көкесі. Абдұлғұззаға бұл естігендері еш әсер етпейді, керісінше  елге жаңа дінді қабылдағанын және Мадинаға соңғы елшіге (с.ғ.с.) баратынын айтып жар салумен болады. Ақыры көкесі сөзінде тұрып інісіне өзі берген мініс атымен қоса үстіндегі қымбат киімдерінің бәрін түк қалдырмай сыпырып алады. Абдұлғұззаның үстінде тек денесін жауып тұратындай  жұқа шүберек қана қалған еді. Бірақ бұл жағдай жүрегі Алла деп соққан жас жігітті жасыта қоймайды. Ақыры не керек, ештеңеге қарамай үстіндегі жұқа матаны беліне байлаған күйі, балалық балдәуренінің куәсі болған туған жерін артқа тастап Мадинаны бетке алып жүріп кетеді. Жолай  суыққа шыдай алмай беліндегі шүберекті екіге бөліп бірін үстіне екіншісін беліне байлаған күйі өліп-талып түнделетіп Мадинаға жетеді. Келсе, қала халқы шырт ұйқыда екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітіне кіріп Хақ елшісін не болса да таңда көрем-ау деп екі көзі төрт болып шығыстан күннің атуын күтумен болады. Таң азаны айтылғаннан соң жамағат намаз оқуға мешітке жиналып жатыр еді. Әдеттегідей имамдыққа ғаламның рақым нұры (с.ғ.с.) шығып сап түзетіп жатқанда арып-ашып, бойындағы екі шүберегі тозып кеткен баланы көзі шалып қалады. Жанына жақындап: «Атың кім?» – дейді. Абдұлғұзза атын айтқанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Жоқ, бəлкім сенің атың Абдұлғұзза емес, Абдулла шығар. Кел, шырағым біздің қадірлі қонағымыз бол», – деп оны өз артына тұрғызып, намаз оқиды. Намаз бітісімен барлығы Абдулғұззаны төңіректеп сұрақтың астына алып жатады. Ол болса Хақ елшісімен (с.ғ.с.) жолығу үшін өзінің барынан айрылғанын, айшылық алыс сапардан тек екі матаны ғана оранып келгенін айтып бергеннен соң сахабалар оны «зуль биджәдәйн», яғни «қос маталы бала» деп атап кетті. 

   Өзінің Абдұлғұзза деген атын Абдулла деген көркем есіммен ауыстырып берген сүйікті Елшінің (с.ғ.с.) қамқорлығына өткен күн оның ең бақытты күні еді. Осыдан кейін ол Оның (с.ғ.с.) ізінен бір елі қалмайды. Сахабалардың арасында да Құранға қатты берілгендігімен аз уақыттың ішінде көзге түсіп үлгерген еді. Жүрегі Қасиетті Құран нұрымен нұрланған əрі Əз елшінің (с.ғ.у) рухани бағында тыныстаған жас жігіт бұрынғы байлығы тасыған өмірін тəрк еткеніне еш өкінбейтін.

    Күндердің күнінде Әз елшімен (с.ғ.с.) Оның сенімді асхабы Табук соғысына аттанады. Соғыс шығынсыз бола ма?! Ешкімді жақсы-жаман деп талғап жатпайтын соғыс өрті қаншама сахабалардың жанын жалмайды. Дініне берік, пайғамбарына (с.ғ.у) опалы өрімдей жас жігіт те осы соғыста ерлікпен қаза табады. Құранға деген ынтасымен болашағынан көп үміт күттірген жеткіншектің қыршыннан қиылған қазасы мейірім пайғамбарының (с.ғ.у) қабырғасын қайыстырған болатын. Сүйікті сахабасын соңғы сапарына бірге аттандырып отырып, көрін қазуға көмектесуге ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) өзі де қабірге түседі. Және «қадірлі достарыңның жерлеуге сендерде ат салысыңдар» деп қабірге Әбу Бәкір мен Омарды да түсіргізеді. Осы жәйтқа күә болған Ибн Масғуд кейіннен бір сөзінде: «Қос маталы баланы» маған ең қымбат жандар жерлеп жатқанда, «шіркін-ай, мына қабір менің қабірім болса етті» деп армандаған едім», – деген екен.

Хақ елшіге жәрдемші болу үшін бар байлықтан бас тартып, кіндік қаны тамған атамекенінен жырақта жүріп келмес сапарға аттанған «қос маталы бала» Абдулланың Хақ жолындағы ғұмыры осылай тәмамдалған болатын. Өмірі тым қысқа болса да, Əз пайғамбардың (с.ғ.у) жанында жүріп қаншама ұзақ жыл жасаған адамдардың тағдырына бұйырмайтын  шуақты күндерді басынан өткерді. Оның жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмыры Хаққа деген махаббаттың жəне оның Əз елшісіне деген (с.ғ.у) сүйіспеншіліктің қандай болуы керектігіне соғылған ескерткіштей болатын.

 

ислам, пайғамбар, сахаба, сахабалар, абдулла, Роман бұрқаш, Қос маталы бала
Роман БұрқашРоман Бұрқаш
2 жыл бұрын 750
5 пікір
  • Неткен көркем шығарма, Алла разы болсын, Роман бауырым, бұл тың оқиға екен, қаламыңыз қарыштай берсін!!!
    2 жыл бұрын
  • Алла разы болсын Роман бауырым. Бойыңда діни роман, рухани әңгіме жазатындай Алла берген қабілетің бар екен. Тіл, көзден аман бол! Алла қаласа, болашақта үлкен қаламгер боласың.
    2 жыл бұрын
    • Рахмет аға! Берген батаңызды Хақ тағала қабыл еткей! Осы орайда блоктұғыр ашып бізге ерекше серпін, стимул берген сізге және сіз басқарып отырған сайт ұжымына алғыс айтқым келеді. Алла разы болсын!
      2 жыл бұрын
  • Машалла Раке, Маталы баланы жазып, баталы бала болдыңыз ғой))) Қайрат ағаның батасы екінің бірiне бұйырмайды....
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165