Ана сүті
Ана сүті

Раббымның,
Мына әлемді бар қылып керек еткеніне,
Керек еткеніне, сан ғажап кереметтеріне
Тамсана қағам таңдайды.
Тамсана қағып таңдайды, сәждеге қоям маңдайды.
Құдіретін мендегі мына ет жүрек,
Ана сүтімен дарыған, ана тілімен жырлайды.
Жырлайды-дағы тынбайды.

Кел, бауырым, жаныма менің жақын кел,
Салмақтап айтқан мендегі сырдың нарқын көр.
Сезбесе түйсік, ұқпаса санаң жаныңа соны тұт-қайғы,
Айтайын саған анаңнан емген кәдімгі құнар сүт жайлы.
Жан тамсанар,
Мұнда бір сыр бар,
Сүт жайлы айтқан демегін түкте ұтпайды.
Ғибратымен ұқ жайды.

Сүт деген досым ағзаның керек мол емі,
Сен туылмағанда, анаңда уыз жоқ еді.
Шыр етіп даусың, көргеніңде нұрын ғаламның,
Барлығы сені әлпештеп өбер болар күн.
Сол сәтте аналық мақсұтын көріп,
Мәпелеп саған ақ сүтін беріп,
Ийді төсі анаңның.

Әлемнің сырын ұғу түк емес сау болса адам санасы,
Ал енді, досым, зейінді қойып мына бір қызыққа қарашы:
Бораныменен қалшылдап тұрған қаңтарда тусаң егер шын,
Балдай татыған ана сүтінің жылығанын бір көрерсің.
Күн нұры туып сән,
Ал жазда туылсаң,
Салқындау болған анаңның сүтін емерсің,
Раббыңның мұндай шеберлігіне не дерсің?!

Аллаһты меңзеп тұрады дәйім әлемнің бүкіл сәні мың,
Ана мейірімі де нығметі ғой құдіреті күшті Тәңірдің.
Сол мейірім, сол махаббат өміріңнің болар жыр-әні,
Ана сүтімен егілер саған Жаратушының шуағы.
Сұйылып кейде,
Қою боп бейне,
Сен өскен сайын өзгерер сүттің құрамы.
Хаққа жетелер әлемнің сансыз сұрағы.

Ананың сүтін, араның балын, бойдағы қанның барлығын,
Жасай алмайды ешқандай құрал дамыса-дағы бар ғылым.
Рахманның нұры ғаламға мынау тұрады шексіз таралып,
Бастауын ғылым Құраннан алса ашады небір жаңалық.
Екі дүние сайлап тұғырын,
Мәнді болар әйбат ғұмырың,
Раббыңның сөзі-жолымыз болса сара нық.

Әлем бір көрме кереметтерін тауса алмас ешбір жан санап,
Тәңірдің мінсіз шеберлігіне айтасың сонда сан мадақ.
Шындыққа, досым, көзің жеткен соң көңіліңде болар таң қалыс,
Таңқалыс барда, тамсану барда оянар иман, ар-намыс.
Өмірің жас қой, сәждеге бас қой Тәңірің үшін расында,
Сол ғана болар жанған іс,сол кезде туар самғау күш!!!

                                                                                                            2010 жыл, "Аллаға мадақ" жыр жинағынан

Роман БұрқашРоман Бұрқаш
2 жыл бұрын 844
0 пікір
Блог туралы
0
20359 161 281 158 165